Күрделі жөндеуден өткен бөлімше тұрғындарға қызмет көрсетуді бастап кетті

№1 орталық аурухана тарихы мол, медицина саласының талай майталмандарын тәрбиелеген, өзіндік дәстүрлері қалыптасқан денсаулық сақтау мекемелерінің ішіндегі қарашаңырақтың бірі. Бүгінде жарты ғасырдан артық халыққа қызмет етіп келе жатқан емдеу мекемесі көптеген өзгерістердің куәгері болып, заман талабына сай бейімделіп, қашан да көштен қалыспауда. Осыдан бірнеше жыл бұрын аурухананың жаңа кейіпке еніп, күрделі жөндеуден өткен уақыты ел жадында болар.

Ол кезде «Қазақмыс» корпорациясы сияқты алпауыт компанияға мұң-мұқтажыңды жеткізу былай тұрсын, көпшілік басшылардың көзіне тіке қарай алмайтын. Бірақ, кеншілерге, олардың отбасы мүшелеріне қызмет көрсетіп отырған емхананың мүшкіл жағдайын қаржылай демеу бере алатын компания басшылығына жеткізбеске болмайтынын түсінген аурухананың бас дәрігері Жомарт Аханов батыл да жауапты қадамға барды. Жағдайды басқарма басшыларына жете түсіндіріп, емханаға шұғыл түрде күрделі жөндеу керектігін дәлелдеп берді. «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен тұтас аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай өзгерген сол 2013 жыл бүкіл қала халқын қуантып, бас дәрігердің ісіне таңдай қақтырған еді. Содан бері, міне, 17 жыл өтіп кеткен екен. Осы жыл ішінде әсіресе көбінесе кішкене балалар мен аналары жататын жұқпалы аурулар бөлімшесі едәуір құлазып қалған екен. Бұл жолы да өзге келіп жағдайын жасағанын күтпейтін Жомарт Мұзарафұлы қалай да жөндеу жұмыстарын шешетін тетік іздеуге көшті. Сәтін салғанда қаламызға іссапармен облыстық мәслихат депутаттары келе қалған екен. Бұл жолы да табиғатынан дипломат басшы халық денсаулығы үшін маңызды мәселені ортаға салып, көмек сұрады. Білікті маман, қадірлі азаматтың сөзін жерге тастамаған халық қалаулылары облыстық бюджеттен қаржы бөлуге ықпалдасқан. Нәтижесінде Қарағанды облысы Денсаулық басқарамасы арқылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жұқпалы аурулар бөлімшесінің күрделі жөндеуі басталып та кетіпті.

Күні кеше жөндеу жұмыстары аяқталып, бөлімше қызметкерлері жұмыстарына кірісіп кетті. Науқастардың көптігіне байланысты, ақ халаттылар тіпті салтанатты ашылу рәсімін де жасап үлгермеген болып шықты. Екінші жұмыс күні бөлімшеге бас сұғып, тіршілігімен танысуды ұйғардық.

Емхана аумағына кіргеннен-ақ жұқпалы аурулар бөлімшесі ерекше көзге түседі екен. Бұрындары мұндай көзге көрікті болмаған сияқты. Іші тіпті жұтынып тұр. Жап-жарық, әрі аппақ.

Қарағанды қаласының «СК Триумф 2030» ЖШС жөндеу жұмыстарын 9 айдың ішінде толықтай бітіріп шыққан екен. Осы уақыт ішінде құбырлар, электр энергия желілері, ғимараттың төбесі толығымен ауыстырылған. Ішінде жаңа есіктер орнатылып, линолеум төселген. Әрлеу, сырлау жұмыстарымен қатар, ғимараттың сырты толықтай жаңартылған. Барлық қолжуғыштар мен ванналар, бір сөзбен айтқанда, күллі сантехника да жаңартылған. Сондай-ақ науқастар жататын кереуеттер де жаңадан алынған.

Екі қабатты бөлімшенің бірінші қабатында 4 жеке бокс орналасқан, оның біреуі аса қауіпті аурулар жататын екен. Әрқайсында жеке жуынатын бөлме болса, олардың ішіндегі сантехника да судай жаңа. Аса қауіпті науқастарды ауру тарау қаупінің алдын алу мақсатында қабылдау бөлмесі арқылы өткізбес үшін арнайы фильтр-бокс, яғни бөлек есік, бөлек қабылдау бөлмесі жабдықталған.

– Бөлімше 20 орынға есептелсе, оның 12-і ересектерге, 8-і балаларға арналған. Сөздің орайы келгенде басшымыз Жомарт Мұзарафұлының қолқа салуымен жөндеу жасаған «СК Триумф 2030» ЖШС бізге демеушілік көмек көрсеткенін ерекше атап айту керек. Өз қаражаттарына ЖШС басшылығы бөлімшеге 2 кір жуатын машина, 25 матрас, көрпе-жастық алып беріп қатты қуантты. Күрделі жөндеуді сапалы жүргізгенімен қоймай, осындай жомарттық танытқандарына дән ризамыз, – дейді бөлімше меңгерушісі Назифат Байдаева.

– Бөлімшеде 1 дәрігер, 6 медбике, жалпы 11 адам науқастарға қызмет көрсетеді. 2 процедуралық кабинет, 2 қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Өткен жылы 967 науқасқа ем-дом жасалды. Кеше-бүгін түсіп жатқан науқастар жөндеуден өткен ғимаратты көріп, танымай жатыр. Өзіміз де балаша қуанудамыз, бұрынғы ғимарат пен қазіргінің айырмашылығы жер мен көктей, – деп аға медбике Гүлзат Боранбаева да ағынан жарылуда.

Жаңарған, жайнаған ғимаратта жаңа еңбек жылын қарсы алған ақ халатты жандар жұмысқа ерекше көтеріңкі көңіл-күймен кіріскен сыңайлы. Денсаулық күзетінде тұрған жандарға біз де сәттілік тіледік.

Ауруханадағы жөндеу жұмыстары тек жұқпалы аурулар бөлімшесімен шектелмеген болып шықты. 2018 жылы бас корпустың төбесі күрделі жөндеуден өтіп, құбырлар толық ауыстырылған. Биылғы жылы сондай-ақ шаруашылық бөлімі мен кір жуатын ғимаратқа, гараждарға, перзентхана төбесіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Таяудағы жылдары перзентхананы толық күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып қойған екен.

Айнұр ҚҰЛАШОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.