Дара тұлғаға тағзым

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев десек Қарсақбай, Қарсақбай десек Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін жиі айтамыз. Өйткені, бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз астасып жатыр. Арқаның ен байлығының көзін ашқан дара тұлға – Қаныш Сәтбаевтың ұлы еңбектері тарихта келешек ұрпаққа тәбәрік болып қалды. Сол Алаштың ардақты азаматы, ғұлама ғалым, геолог, қоғам қайраткері, Қазақ ұлттық Ғылым Академиясының іргетасын қалаушы әрі президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 12 сәуірде 113 жасқа толды. Академиктің есімін алған даңғылда асқақ тұлғасын бейнелеп тұрған ескерткішінің алдында қаланың игі жақсылары мен жайсаңдарының, жас буынның қатысуымен туған күніне арналған салтанатты жиын өтіп, дара тұлғаға тағзым етілді.

Қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваның құттықтауымен ашылған жиында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ өндіріс жөніндегі директоры Ерлан Әлкенов, корпорацияның бас жобалау институтының бас маманы Берік Махамбетов ұлы ғұламаның салып кеткен дара жолы, еңбегі жайында сөз етіп, оның ізгі істерін жалғастыруға күш-жігерлерін салатындықтарын жеткізді.

Қазақтың шоқ жұлдыздарының қатарынан ойып орын алған Қаныш Имантайұлының көзін көріп, сол ғұламаның батасымен өсіп-өнген КСРО мен Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, батыр ана Шабал Бейсенбекқызы академикпен кездескен сәттерден сыр шертіп, 1961 жылы Қаныш Сәтбаевтың өзі бастап келген көшпелі сессия жұмысы кезінде ағасындай болып кеткен академиктің алдында оқыған «Озық ойлы ағаға» өлеңін асқақ мүсінінің алдында оқыды. Оның қарапайымдылығы, бауырмалдығының өзі бір әңгіме. – Қанша биікте тұрса да қарапайым еңбекші халықтың ортасынан табылатын жан еді. Ол жан-жақты тұлға болатын. Қай саланың болмасын мамандарымен ортақ тіл табыса алатын. Оның үлесі геологияға ғана емес, қазақ әдебиетінің дамуына да еңбегі орасан зор болды, – деп еске алды Шабал апай.

№27 қазақ орта мектептің үгіт-насихат тобы «Есімің мәңгі есте» атты қойылымын көпшілік назарына ұсынып, ақындардың академик жайында жазған өлеңдерін оқыды.

Қаланың Құрметті азаматтары бастап, академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты жиын соңында Қ.И.Сәтбаевтың Отанымызға сіңірген зор еңбегін мәңгі есте сақтау және насихаттау мақсатында «Жас ұлан» республикалық бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен №27 орта мектептің оқушылары «Сәтбаев – біздің мақтанышымыз!» атты флеш-моб өткізді.

Еңбегі өшпестей болып тарихқа енген Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі мен еңбегі келер ұрпаққа өнеге әрі мақтаныш. Сол үшін де есімі мәңгі ел есінде.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.