Ипотеканы қалай рәсімдеуге болады?

Қазақстандықтар табысы төмен отбасыларға арналған несиелендірудің «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Нұрфин журналистері аталған бағдарламаға кімдер қатыса алатынын және оның шарттары туралы хабарлады.

Жеңілдетілген шарттармен ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік алу үшін біріншіден, жергілікті әкімдікке жүгініп, баспана кезегіне тұру қажет. Бұдан кейін мемлекеттік қызметкерлер кезекте тұрғаныңызды растайтын құжат беріп, келісім жасау үшін банкке жіберуі тиіс.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
• Көпбалалы отбасы
• Толық емес отбасы
• Бір немесе одан көп мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы

Бұған қоса, отбасының ресми табысы жанұяның әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауы тиіс. 2020 жылы бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалды – 42 500 теңге.

Яғни, отбасында екі адам болса, олардың ресми табысы 85, үшеу болса – 127 500, ал, төртеу болса – 170 мың теңгеден аспауы тиіс.

Алайда, ипотеканы рәсімдейтін отбасы мүшесінің ресми түрде жұмыс істеуі қажет. Сондықтан да аталған бағдарламаға медбикелер, тәрбиешілер, коммуналдық қызметкерлер сияқты табысы төмен, бірақ тұрақты мамандар жиі қатысады.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы отбасының жеке баспанасы болмауы тиіс. Тұрғын үй отбасының баспана кезегіне тұрған қаласынан ғана беріледі.

Қанша ақша, қандай пайызбен беріледі?

Қазақстанның ірі қалалары – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда 15 миллион, басқа қалалардың тұрғындарына 10 миллион теңгеге дейін несие беріледі.

Ипотекалық несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.

Пайыздық мөлшерлеме – 2%.

Бастапқы жарна – несие сомасының кем дегенде 10 пайызын құрайды. Айта кетейік, тұрғын үй сертификатымен бастапқы жарнаны толық немесе ішінара өтеуге болады. Әкімдік кезегінде тұрғандардың аталған сертификатты алуға мүмкіндігі бар. Бюджеттен берілетін бұл төлемнің мөлшері 1 миллион теңгеге дейін барады.

Комментарии закрыты.