Жаңа жүйе жан-жақты түсіндірілуде

Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа форматы енгізілгені белгілі. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Кеншілер сарайында өткен ашық есік күнінде жаңа жүйе туралы жан-жақты мағлұмат берілді.

Мемлекеттік мекемелердің жауапты мамандары қатысқан шараға келген тұрғындар сауалдарын ортаға салды. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина баяндап, әлеуметтік көмектің өзгертілген механизмі ашықтықты, әділдікті қамтамасыз етуге және еңбекке ынталандыруды арттыруға жетелейтіндігін жеткізді.

Біріншіден, жаңа жүйе 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға отбасының кірісін есепке алмай, бала санына байланысты сараланған мөлшерде 42 500-ден 74 400 теңгеге дейін ай сайын мемлекеттік жәрдемақы енгізуді көздейді.

Екіншіден, аталған көмек тоқсан сайын тағайындалады. Көлемі отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа кірісі мен аймақтардағы күнкөріс деңгейінің айырмашылығы болып анықталады. Бұл еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды да арттырады. Азаматтарды жұмысқа тұрғызу, жаңа мамандықтарға қайта оқыту, өз ісін ашуға гранттар ұсынылады.

Жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда АӘК төлемдері тоқталады. Жұмысқа жарамды ата-аналардың күтіміндегі балалардың жасы 7 жастан үш жасқа дейін төмендейді.

Үшіншіден, аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік пакет беру механизмі қарастырылды. 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен, ал, 6-18 жас аралығындағы балалар мектеп формасымен, сондай-ақ, оқу құралдарымен мемлекет есебінен қамтамасыз етілмек.

Жалпы, қаламызда 1300 көпбалалы отбасының 1029-ы мемлекеттік жәрдемақыға ие. 237 – «Алтын Алқа», 301 – «Күміс Алқа» иегерлері, 42 – батыр аналар, 51 бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» медалінің иегерлері бар. Әкім орынбасарының айтуынша, 2019 жылы – 686, соның ішінде – 187 көпбалалы отбасы 292 млн 389 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған. Еңбекке жарамды бірақ, жұмыссыз атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 57 азамат жұмыспен қамтылған. 70 азаматқа өз ісін ашуға грант бөлінген. Өткен жылы көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге назар аударылып, кезекте тұрған 180 көпбалалы отбасының 42-сі қоныс тойын тойлады. Бұдан бөлек, былтырғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 1448 бірінші сынып оқушысы 67 млн. 374 мың теңге және аз қамтылған отбасынан шыққан 1942 бала 84 миллион теңге көлемінде бір реттік ыстық тамақпен қамтылған.

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап 1 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту мөлшері 70 млн 314 теңгеге, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар үшін 106 млн 712 теңгеге ұлғайған. Сонымен бірге, жаңа оқу жылынан бастап 1234 – екінші сынып оқушысын ыстық тамақпен қамту жоспарлануда. Бұл бағытқа 38 млн. теңге бөлінбек. Мектеп жанындағы лагерьлерде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және сауықтыру мақсатына жергілікті бюджеттен 24 млн 200 теңге, қала сыртындағы лагерьлерде 5 млн теңге қарастырылған.

Атаулы әлеуметтік көмек алған көпбалалы аналардың қатарында Раушан Алимжанова да бар. Жолдасы 2 топтағы мүгедек. Жұмыс істеуге қауқары келмейтін отбасы мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің бірнешеуіне ие болғандарына дән риза. Былтырғы жылы қала басшылығы тарапынан пәтер кілтіне ие болған отбасының ендігі тілегі – балаларын тегін үйірмелерге беру. Көп балалы ананың тілегі жерде қалмайды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.