Авторлық еңбектері жарық көрді

Жақында Қарағанды облысы мемлекеттік және білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтынан жерлесіміз Роза Бекетаеваның үш ғылыми еңбегі жарық көрді.

«Қызықты география» хрестоматиясы, «Дидактикалық материалдар» және «Материктер мен мұхиттар географиясы пәнінен бақылау және тексеру жұмыстары» атты еңбектерге пікір жазған аталмыш институттың ЖМ және ТП кафедрасының аға оқутышысы Г.Қ.Айтжанова. Бұл кітаптар 7 сыныпқа арналған «Материктер мен мұхиттар географиясына» қосымша оқулық ретінде пайдаланылады. Сәуірдің 7 күні осы институтта кітаптардың тұсаукесер рәсімі болды. Р.Бекетаева үшін бұл сәтті де есте қаларлық күндердің бірі болды. Себебі «Б ж С технологиясы арқылы оқытудың тиімділігі» атты ғылыми жобасын да сол күні қорғап қайтты.

Дидактикалық материалдар жинағында танымдық, қызықты, есте сақтауға жеңіл және өздігінен қызыға отырып орындайтын тапсырмалар берілген. Хрестоматияда жер шарының барлық материктері мен мұхиттары туралы мектеп оқулығынан тыс географиялық құнды мәліметтер суреттерімен қоса берілген. Бұл кітаптар мектеп оқушыларының білім деңгейінің және пәндерге деген қызығушылығының артуына ықпал етері сөзсіз.

Автор-құрастырушы жайлы қысқаша айтар болсақ, Бекетаева Роза Әбдікамалқызы 1982 жылы №1 Ұлытау орта мектебін, 1989 жылы Жезқазған педагогикалық институтының жаратылыстану, география факультетін бітірген. 2005 жылдан бері Сәтбаев қаласының №16 білім беретін орта мектебінде география пәнінен сабақ береді. Жоғары санатты мұғалім, облыстық білім беру департаментінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қарағанды облысы мемлекеттік және білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының грамотасымен, оқушылары облыстық олимпиадада жақсы көрсеткіштерге жеткені үшін ҚарМУ география факультетінің Алғыс хатымен марапатталған. Сәтбаев қаласы әкімінің «Ең үздік тәлімгер» атағының иегері.

– Қазір 6-7-8-9 сыныптарғы арналған «Б ж С технологиясы арқылы оқытуға арналған оқулықты» аяқтауға жақынмын. Биыл бірінші рет түлектерімді шығарып салайын деп отырмын. Солардың оқу бітіру құрметіне сый ретінде мамыр айында үлгеруге талпынып жатырмын, – дейді Роза Әбдікамалқызы.

Бір емес, үш бірдей кітапты құрастыру, әрі басып шығару ұстазға қай жағынан болса да күшке түскені анық. Келешекте демеушілер табылып жатса, мұндай пайдалы оқулықтардың данасын неге көбейтпеске! Ол жағын білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі шеше жатар, ал біз еңбегінің жемісін көрген мұғалімге әлі де көп шығармашылық табыс тілейміз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.