Шәкіртақы 25 пайызға өсті

Студенттер осы айдан бастап ұлғайтылған көлемде стипендия алады. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке бакалавриат, магистратура, докторантура мен колледжде оқитындардың шәкірт-ақысын 25 пайызға өсіруді тапсырған болатын. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтып отыр.

Сонымен, кім, қанша алады? Бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы осы айдан бастап 20 949-дан 26 186 теңгеге өссе, магистранттардікі 53 530-дан 66 913 теңгеге жетті. Ал, докторантурадағылардікі 81 998-ден 102 498 теңгеге көтерілді. ЖОО-да оқитындардың ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы жастардікі де 25 пайызға еселенді. 2016 жылдан бері студенттердің шәкіртақысы өспегендігін ескерсек, жағымды жаңалықтың барлық студентті қуантқаны жасырын емес. Тек кәсіби білім алып жүргендердікі ғана былтырғы жылдың қыркүйек айында 30 пайызға үстемеленді. Сәтбаев Индустриалдық колледжінің екінші курс студенті Нұрдәулет Хамит те биылғы жылғы жақсылықтан құр қалмағандардың қатарында.

– Бұл менің отбасым үшін үлкен көмек болды. Осындай әлеуметтік қолдау білімге ынталандырады, – дейді ол.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.