Абайды ұлықтау – елдігімізді ұлықтау

Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы тойланбақ. Осынау торқалы тойға күллі Қазақстан қызу әзірлік үстінде. Әсіресе білім беру мекемелерінде түрлі іс-шаралар жоспарланып, тіпті, басталып та кетті. Жуырда біз қалалық білім бөлімінің әдіскері Құралай Жарылғаповаға жолығып, қала мектептерінде Ұлы Абайдың 175 жылдық торқалы тойына орай өткізілетін, өткізіліп жатқан шаралар туралы әңгімелескен едік.

– Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақаласында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселені қозғады. Ең негізгісі – ХХІ ғасырдағы Қазақстан Абай тағылымынан қандай өнеге, ақын мұрасынан қандай ғибрат алу керектігіне назар аудартты. Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы екенін ескерсек, осы мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы датаны атап өтудің жалпыұлттық бағдарын да айқындап берді.

Жалпы, ақын Абайдың, хакім Абайдың 175 жылдығы елімізде өткен жылы-ақ басталды деуге болады. Барлық аймақтарда Абайдың өлеңдерін жатқа айту эстафетасы белең алды. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бастады. Бұл үрдіс әлі жалғасып жатыр. Біздің қаламыз да бұдан қалыс қалған жоқ. Оқушыларды айтпағанда білім беру мекемелерінің басшыларының өзі осы эстафетаның бел ортасында жүр. Ал, биыл Жезқазған қалалық білім бөлімінің басшысы Жеңіс Әлмағамбетов эстафетаны біздің басшымыз Берік Базылұлына табыстады.

Ал, енді қала мектептеріне келер болсақ, ақын тойына дайындық жаңа оқу жылының басында-ақ қолға алынды. Мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын қосып үлкен жиналыс жасадық. Жиында әр мектептің мұғалімдері өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтып, әр мектепке лайықты жоспар жасалды. Жоспар ауқымды. Күнделікті сабақ тақырыбынан тыс та іс-шаралар бар. Олардың тақырыптары да әр алуан. Қойылымдар, ашық сабақтар, поэзия кештері, тағы басқалары. Ең бастысы – Абайдың шығармаларын тереңдете үйрену. Биылғы жылғы тағы бір ерекшелік – Абайды оқытуды Абайды танытуды бастауыш сыныптардан бастау. Бұл бұрын болмаған. Қараша айында 3-4 сыныптар арасында Абай оқуларының бірінші кезеңі өтті. Оның шарты мен талаптары бастауыш сыныптарға лайықталып жасалды. Сонда байқағанымыз бұл істі ерте қолға алу керек екендігі болды. Бастауыш сынып оқушыларының өзі Абайдың өлеңдерін мүдірмей жатқа айтып жатқанда, шын сүйсіндік. Байқауда 34-35 өлең жаттаған оқушылар болды. Ең төмен дегені 18 өлең жаттапты. Бұл – үлкен жетістік. Абайдың өлеңдерін оқушылар 3-4 сыныптан осылай жатқа айтып жатса Абай мұралары ешуақытта өлмек емес.

Бұл біздің алғашқы бастамаларымыз. Алда ауқымды жұмыстар тұр. Ақпан айында №16 мектепте Абайға арналған тағы бір үлкен іс-шарамыз өтеді. Ол блок-блок болып өткізілмек. Мұнда Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жатқа айту, оны бүгінгі өмірмен байланыстыру, мағынасын ашу, түсіндіру, тарқату сияқты талаптар бар. Сондай-ақ, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің желісінде қойылымдар әзірлеу де осы шараның бір бөлімі. Бұл іс-шаралар 9-10-11 сынып оқушылары арасында өтеді. Қазір мектептерге нақтылы тапсырмалар берілді. Бүгінде олар үлкен сынға қызу әзірлік үстінде.
Әрине, орта буын оқушылары да бұл істен қалыс қалып отыр-ған жоқ. 6-7-8 сынып оқушылары арасында Абайға арналған қалалық іс-шара өтті. Дөңгелек үстел формасында өткен шара барысында оқушылар Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, оның маңызын, бүгінгі күнмен байланысын ашып түсіндірді. Бұл шараның бір ерекшелігі – дөңгелек үстелге орыс тілді сыныптардың да оқушылары қатысып, Абайдың қара сөздерін орысша айтып, мағынасын өз сөздерімен түсінгендерінше жеткізуге тырысты.

Ал, енді, дәстүрлі Абай оқуларының өзі биыл жаңа форматта өтеді деп күтудеміз. Соған дайындалып та жатырмыз.

Жазып алған
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.