«Мен таңдаған өмір»

Осындай атаумен Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапхана жанынан ашылған коворкинг орталығында жас мамандардың қатысуымен психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Жиын тыңдаушылардың психикалық көңіл-күйін көтеру, шығармашылық қабілеттерін бағалауға ұмтылдыру, психологиялық темпераментін анықтау мақсатын меже тұтты. Тренингте жаттығулар мен ойындар өткізіліп, психологиялық портреттер түзілді.

Психология адамның мінез-құлқын зерттейтін ғылым ретінде белгілі. Яғни, жеке адамның психикасы мен сан алуан сезімін сыртқы ортамен өзара әрекетін саралайды. Бүгінгі заманда қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар, адамдардың басқа түскен қиыншылыққа төзбей, өмірден баз кешіп өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп кеткенін жиі естиміз. Әлбетте, бұл орайда психология ішкі түйсікті тануға көмекке келетіні мәлім. Қазіргі уақытта адамдардың психологиялық кітаптарға жиі үңілуі, мамандардың қабылдауына жазылуы бұл ғылымның үлкен маңызға ие екендігін көрсетіп отыр.

Коворкинг орталығының жетекшісі Жұлдызай Сыздықбаева жүргізген тренинг әуел баста жекелей адамның психологиялық жағдайын жақсартып, кез келген қиындыққа төтеп беруге қажетті кеңестермен бөлісуге бағытталғаны мәлім болды. Қаладағы мекемелердің жас мамандарын жиған жиында алдымен көңіл сергітер жаттығулар жасалып, азаматтардың бір-бірімен жақын танысуына мүмкіндік берілді. Өмірлік құндылықтардың өміршеңдігіне, оларсыз ғұмырда қандай да бір мән қалмайтынын ұғындырған жаттығулар да жұрттың қызығушылығын оятты. Қатысушылар ұсынылған өмірлік ситуацияларда өзін қалай ұстау қажеттігін таразылап, тығырықтардан шығу жолдарын ұсынды. Орталық жетекшісі Жұлдызай Сыздықбаеваның сөзінше, мұндай тренингтер адамдардың көңіл-күйін жақсартып, коммуникативті қарым-қатынас орнатуға септеседі дейді.

– Мұндай тренингтер қоғамның кез келген саласына қажет. Өйткені, адамдар кез келген қиындықты негативті деп қабылдап, қоғамнан оқшауланып өмір сүреді. Қиыншылыққа төтеп беруге табандылық танытпай жатады. Бұл жағдай мектеп оқушысынан бастап, ересек азаматтардың бойынан көп кездеседі. Өмірді позитивке бейімдеп, жақсы ойлаған, жамандық жасаудан ада болып, жақсылыққа құмартқан, адамдармен етене байланыс орнатқан адамдар басқа түскен проблемаларға оп-оңай төтеп бере алады. Бүгінгі тренингте сол мақсатты арқау етіп отырмыз. Алда осы тақылеттес көптеген шаралар өткізбек ниеттеміз, – дейді ол.

Комментарии закрыты.