Жұмыс жақсаруы үшін

Өткен сәрсенбіде Сәтбаев қалалық сотында судьялар мен сот орындаушылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны бастап, жүргізіп отырған қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев сот орындаушылардың қызметі, олардың жұмысындағы шешімін күткен мәселелер жайлы айтып өтті.

Дөңгелек үстелге қатысқан судьялар Гүлсара Байгенжинова, Амантай Әбдікамалов, Ербол Қуанышев және сот орындаушылар күн тәртібінде қаралған мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Сот шешімдерін орындайтын сот орындаушылардың жұмысы – жауапкершілігі мен жүктемесі ауыр, қиындығы мол саланың бірі. Сот шешімдерін орындау көп уақытты және зор еңбекті қажет ететіндігі белгілі. Сот орындаушылардың жұмысында бірқатар кедергілер кездеседі. Мәселен, сот орындаушылары келгенде есіктерін ашпайтын, сот шешімін қасақана орындамайтын адамдар бар. Сондай-ақ, борышкерлердің сот отырысында көрсетілген мекен-жайда тұрмайтындығы сияқты жайттар кездесіп жатады. Міне, осыған байланысты сот орындаушысына мекен-жайы дұрыс көрсетілмеген азаматты іздеп табу секілді жұмыспен айналысуға тура келеді.

Осы мәселелермен қатар, дөңгелек үстел жұмысының барысында орындауға жатқызылатын құжаттардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, сот актілерінің орындалу тәртібі мен әдісін өзгерту, сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату секілді сұрақтар жария етілді. Бұдан басқа, судьялар мен сот орындаушылардың қарым-қатынасы, сот орындаушылардың әрекеттеріне сотта шағым жасау және сот шешімдерінің сапалы орындалуы үшін екі жақтан талап етілетін іс-әрекеттер жайы талқыланды.

Жиын қорытындысында сот орындаушылардың жұмысын жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер қабылданды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.