Парасат партадан басталады

Өткен аптада қаламыздағы білім ордаларында облыстық білім басқармасының тапсырмасына сәйкес парасаттылық сабақтары өткізілді. Оқушыларды жемқорлық атаулыдан жирендіру, әділдік, адалдық, адамшылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған тәрбие сағаттары түрлі шаралар негізінде өрбіп, адамгершілікке жат әрекеттер туралы түсінік қалыптастырды. Сондай ілкімді істер №1 мектеп-гимназиясында да көрініс тапты.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қазақтың ұлы ойшылы әл-Фарабидің бұл ұлағатты сөзі қанша ғасыр өтсе де өз маңызын жоймай келеді. Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған кемеңгер білімнің алдында тәрбие тұғырын жоғары қойды. Адамның кісілік кілті білімінен емес, парасат-пайымы мен адамгершілік қасиеттерінен айқын аңғарылатынын меңзеген ұстаздың аталы сөзі тұлға қалыптастырудың басты қағидатына айналса керек. Бүгінде бала тәрбиесімен айналасатын білім ордаларында осы мақсатқа орай түрлі танымдық сипаттағы тәрбие сағаттары ұйымдастырылуда. Бұл өскелең ұрпақтың бойына ізгілік дәнін егуге, оқушылардың бір-бірімен рухани байланыс жасауына септігін тигізуде.

– Мұндай сабақтардың тек ашық сабақ ретінде өткізілгенімен, ауқымы кең. Тәрбие білімнің негізгі ұстыны болғандықтан, оқушылардың бойына әділдік, ұят, мейірім секілді қасиеттерді сіңіруді басты назарға қойылады. Парасат деген ұғымның өзін ақылмен ұштастыруға болады. Әдеп, инабат, сыпайылық парасаттың түпкілікті мәнін ұғындырады. Парасаттылық сағаттары ашық сабақ, кездесулер, пікірталастар негізінде өткізіледі. Тәрбие сабақтары алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді №1 мектеп гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арайлым Бейісова.

Мұндай сабақтар мектеп қабырғасында 1-11 сынып аралығында жаппай өткізілді. Бастауыш сыныптарда танымдық сипатта ұғындырылса, жоғары сынып оқушылары өзіндік пікірлерін ортаға салып, адамшылық қасиеттерді жоғары ұстау қажеттігін ескертті.

Комментарии закрыты.