Дарынды Диас

Таяуда қаламыздың жас өнерпазы Диас Хамит Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Майра Ілиясова ұйымдастырған «Жұлдыз болғың келсе» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауында топ жарып, жарыстың Бас жүлдесін қанжығасына бөктеріп келді. Дүйім жұртты өнерімен тамсантып келген талантты өренмен өзі тәрбиеленетін Оқушылар сарайында жүздесудің сәті түсті.

– Арман-мақсаттарым айқындалып келе жатыр. Шынайы өнердің құдіретті екендігін, Абай атамыз айтпақшы «құлақтан кіріп, бойды алатын» есті әннің киелігін санамызға сіңіріп келеміз. Кішкентай кезімнен-ақ әнге деген ықыласымды ата-анам байқап, мектепішілік жарыстарға қатыстырды. Төртінші сыныпта іргелі өнер ордасы Оқушылар сарайының «табалдырығын» аттадым. Міне осында төрт жылдай вокал үйірмесінде, Мадияр ұстазымның арқасында талабымды шыңдап келе жатырмын, – дейді өнерлі бала.

Диас қазір 13 жаста. Жас та болса, жеке дара еңбегі мен таланты арқасында тау қопарарлықтай талабымен өнерсүйер жұртты тәнті етіп жүр. Қаламыздағы №19 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы шаһарда ұйымдастырылып жатқан концерттік шаралардан қалыс қалмайды. Жеткіншек мұның өзін қабілетті шыңдауға көмек беретін мүмкіндік деп біледі. Диас қазір елдікті насихаттайтын, елдің рухын тіктейтін әндерге басымдық беруде. Республикалық байқауларда үлкен жетістікке жетуіне де осы сипаттағы әндердің ықпалы зор дейді өзі. Таяуда ғана ел астанасында өткен өнер додасында «Туған жер» әнін орындап, көрерменнің де, қазылар алқасының да көңілінен шыға білді.

– «Жұлдыз болғың келсе» байқауы қаңтар айының 7-8 аралығында өтті. Диас жарысқа жолдама алған соң, қызу дайындықты бастап кеттік. Еліміздің әр өңірінен шын мықтылар жиналғанын жарыс алдында байқадық. Алайда, еңбегіміз еш кетпеді. Диас сахнада мүдірмей әнін орындап шықты. Қазылар да тәнті боп отырғанын аңғардық. Конкурстың қорытынды гала-концертінде қатысушылар танымал әншілермен бірге ән шырқады. Жарыс соңында Майра Ілиясованың өзі Диасқа «Жұлдыз бол! Бағың жансын!» деп ақ батасын беріп, маған да шынайы ризашылығын білдірді. Бұл кезде етіп жатқан еңбектің еш кетпегеніне, шәкірттеріңнің сеніміңді ақтауына іштей қуанасың. Болашақта Диас музыка саласында ойып тұрып орын алатын үлкен әнші болатынына сенемін. Бастысы, еліміздің абыройлы азаматына айналғай, – дейді ұстазы, «Жаңа жұлдыз» вокал үйірмесінің жетекшісі Мадияр Құлашев.

Иә, өнерліге өріс кең. Даралықтың даңғыл жолына түсу үшін жалындаған жігер, топшысы берік төзім мен ерінбей істер еңбек қажет. Сол үшін де Диас түрлі бағыттағы әндерді үйренуге бейім. Классикалық үлгідегі шетел әндері, заманауи бағыттағы туындыларды да қоса меңгеріп жүр. Онымен қоймай, дәстүрлі әндерге де аңсары ауып, домбыра үйірмесінде де жаттығады. Жас өреннің ендігі мақсаты – шетел сахнасында өнер көрсету. Жаз айларында Түркия елінде өтетін балалар байқауына қатысуды көздеп отыр. Өнер адамына үнемі қолбайлау болатын қаржы мәселесін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен шешсек деген үміт мол.

– Биыл республикалық деңгейдегі бірнеше байқауға қатысуға бел буып отырмыз. Олардың барлығына бірдей бара беруімізге мүмкіндік бола бермейді. Десе де, шама-шарқымызша баруға тырысамыз. Бастысы – Диастың талабын шыңдау. Енді ол келешектің құзырында, – дейді Мадияр Құлашев.

Комментарии закрыты.