Волонтерлік – жанның қалауы

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылды Волонтерлар жылы деп жариялағаны мәлім. Волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстан еріктілер қозғалысына қаншалықты үн қоса алады? Жалпы ерікті болу дегенді қалай түсінеміз? Еріктілік тек жастардың еншісіндегі іс пе? Осы сұрақтарды бұған дейін жастар ресурстық орталығы болып аталып, биылдан бастап Сәтбаев қаласының қоғамдық даму және жастар орталығы ретінде қайта құрылған ұйымның жаңа басшысы Амангелді Құрақбайға қойған болатынбыз.

– Амангелді Қайратұлы, сізді алдымен орталықтың басшылығына келуіңізбен құттықтаймыз. Бұған дейін тек жастармен, олардың мәселелерімен айналысқан орталықтың ендігі бағыты қандай болмақ?

– Рақмет! Алдымен айтарым, орталықтың атауы ресми өзгергенімен негізгі бағыты жастармен жұмыс істейтін орталық болып қала береді. Тек ауқымы кеңейеді. Бұрын діни кеңес беру орталығы жеке дербес орталық болатын, қазір бұл сала да орталық жанынан бөлім негізінде жұмыс жүргізетін болады.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы жылды арнайы Волонтерлар жылы деп жарлықпен бекітті. Жалпы ерікті болу дегенді қалай түсінеміз?

– Волонтерлік қозғалыс әлемнің дамыған елдерінде үлкен маңызға ие азаматтық институт ретінде қалыптасып үлгерген. Яғни, қандай да бір материалдық құндылық игеруге бағытталмаған, тек жанашырлықпен жаныңдағы мұқтаж адамға жақсылық жасау, қолұшын беру деген сөз.

Волонтер болу дегеніміз риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да әсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу деген сөз. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ерікті волонтерлер болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды ақылға жеңдіре білу, командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттерді қажет етеді.

Біздің қоғамда волонтер десе, ірі шараларда бірдей киім киіп, жол көрсететін немесе көше тазалап ағаш отырғызатын, болмаса ардагерлерге ара-тұра көмек қолын созатын жастар ойға оралатыны белгілі. Яғни, осы қоғамдық іске тек науқандық сипат беріп келдік. Еріктілікті еріккеннің ермегі деп, тек жастардың еншісіндегі іс секілді қарайтын азаматтардың бары жасырын емес. Осы көне түсінікті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жойып, барлық қазақстандықты жаппай осы іспен айналысуға шақырды. Оның ішінде студенттердің еріктілер сапында жүріп, қоғамдық іспен айналысқан уақытын еңбек өтілі ретінде есептеп, ерікті-студенттердің шәкіртақысын өсіруді ұсынды. Бұл еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған тиімді әдістер.

Жалпы ерікті көмек қолын соза алатын кез келген адам бола алады. Бұл қазақтың «Асар» атты дәстүрімен үндеседі. Мемлекет басшысы бұл туралы «Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай жаңғыртуымыз қажет» деген болатын. Әйгілі француз жазушысы Дени Дидроның «Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген сөзі сол ойымызды айғақтайды.

– Президентіміз Жастар жылының жабылуы және Волонтерлар жылының ашылу салтанатында волонтерлік жобаларды жеті негізгі бағытта жүргізуді ұсынды. Бұл бағыттар бойына орталықпен қандай жұмыстар атқарылады?

– Жалпы биылғы жылы орталығымызбен 60-қа жуық шара өткізу жоспарланып отыр. Оның басым көпшілігін еріктілер жылына орайластырып өткіземіз. Мәселен, атаулы мерекелерде еріктілер қозғалысының жұмысы күшейеді. Алдымен осы қаңтар айында Волонтерлар жылының ашылу салтанатын өткізу жоспарда тұр. Онда жалпы ерікті болудың игілігі, негізгі мақсаттарын түсіндірмек ниеттеміз. Алдағы уақытта еріктілер желісін құру секілді мәселелер талданып, талқылайтын семинар-тренингтер, пікірталас, сұхбаттар ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдау орталықтары, мәселен балалар үйі, қарттар үйіне сапарлатып, оларға да көмек қолын созамыз. Бұл орайда бір жайтты ескеруіміз керек. Волонтерлік тек жастармен жұмыс жасайтын орталықтың, не жастар комитеттерінің жұмысы ғана деп түсіну қате. Мұнда ересек жандарды да «ақысыз іске» араластырып, игі бастамаларды дәстүрге айналдыруға мүмкіндік бар. Яғни білімді, тәжірибелі мамандар тегін лекция оқып, талай жасқа тұрақты тәлімгер бола алады. Не болмаса қаржыгерлер, заңгерлер заң тұрғысынан шешілмей жатқан мәселелері бар азаматтарға ақысыз кәсіби қызмет көрсете алады. Бұл иігілікті істе жекеменшік ұйымдар, компаниялар, жекелеген азаматтар да еріктілер қатарына қосылып, сан алуан пайдалы шараларды жүзеге асыра алады. Волонтерліктің ұстанымы – риясыз көмек. Ешкімнің біреуге волонтер бол деп күштеп, қолдан сүйреп белден басуға құқы жоқ. Яғни, аты айтып тұрғандай, өз еркімен көмектесу дегенді білдіреді.

Волонтерлік іс осы жылмен шектелмей, тұрақты салтқа еніп, қоғамдық құндылыққа айналса игі. Өзгеге ақысыз көмек деген әдет аптасына, айына бір қайталанатын жұрт бойындағы жақсы қасиет болып қалыптасса екен деген тілек бар. Себебі, мұндай қайырымдылықтың пайдасын өзге емес, өз қоғамымыз көреді. Бәріміз сол қоғамның бір бөлшегіміз. Көпшілікте осы қасиет арта бастаса, заң бұзу, қылмыс жасау, әдепсіздік, зорлық-зомбылық көрсету деген жамандық кемуші еді. Дана қазақ «Көп тілегі – көл» дейді. Көлдей көмек көрсетсек, көсегеміз көгерері анық.

Комментарии закрыты.