2020: бала туу көрсеткіші қандай?

Кеншілер қаласында бала туу көрсеткіші жыл сайын арта түсуде. 2019 жылдың 4 маусымында шаһар тұрғындарының саны 70 мыңыншы тұрғынымен толыққан болатын. Бала туу көрсеткіші мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Өткен жылы 710 сәби дүниеге келсе, оның екеуі егіздер. Ал, 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында 3 сәби өмір есігін ашқан. Оның біреуі ұл, екеуі қыз. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді атам қазақ бекер айтпаған. Сәтбаев қаласының перзентханасына бас сұққанда көпбалалы аналармен сұхбаттасудың реті келді. Үстіміздегі жылдың 15 күнінде 27 нәресте туылған. Жас босанған ана Сандуғаш Досанова алтыншы қызын өмірге әкеліпті.

– Қыздардың артынан ұл күткен болатынмыз. Дегенмен, аяқ-қолы сау сәби бергеніне Аллаға мың шүкір дейміз. 3,780 салмақпен туылған сәбиіміздің есімін Аяла деп қойдық. Бүгінгі таңда көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан қолдау көптеп көрсетілуде. Мұнымен шектелмей одан әрі ұлғая берсе, біз де халық санын көбейтуге үлесімізді қоса береміз. Балалардың несібесі болар, өткен жылдың соңында 4 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Жас аналарға көп балалы болудан қорықпаңыздар дегім келеді, – деген оның сөзін шекесі торсықтай ұл тапқан Гүлнара Есқалиева жалғастырды. Бесінші сәбиін құшағына басқан Гүлнара 13 қаңтар күні сағат 11-30-да босаныпты.

– Отбасымыздың атұстарын дүниеге әкелдім. Баламның да, өзімнің де денсаулығымыз жақсы. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, жәрдемақы алып отырмыз. Әлі де бала санын арттыруға өз септігімді тигіземін. Бастысы дені сау ұрпақтың өмірге келгендігі, – дейді ол.

Бүгінде ана мен бала денсаулығы басты назарда. Бала саны артқан сайын берілетін жәрдемақы көлемі де артуда. Мәселен, 2019 жылы 1-ші, 2-ші, 3-ші балаға — 95 950, ал, төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 159 075 теңге тағайындалса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш – 38 АЕК немесе 100 738, төрт баладан жоғары отбасыларға – 63 АЕК немесе 167 013 теңгеге өскен.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.