Қазақтың ұлттық қазынасы

2019 жылдың 30 мамырында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы жарлық шығарған болатын. Ел президентінің бастамасынан кейін ұлы ақынның мерейтойын ауқымды түрде атап өтуге жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті. «Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасын 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ Ерланқызы бастап, Президентке жолдады.

Мемлекет басшысы бұл эстафетаны қуанышпен қабыл алып, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды. Эстафетаны одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайберген жалғастырды. Мектеп оқушыларынан бастап ел азаматтарына дейін, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғалар да зор қызығушылық танытты.

Мұндай шаралар біздің орталық кітапханада да жалғасын тауып жатыр. Ұлы тұлғаның өлеңдері мен шығармаларын дәріптейтін челленджге орталық кітапхана ұжымы да атсалысып, «Ұлы халықтың Ұлы Абайы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

2020 жылдың 9 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының жарық көргені белгілі. Бұл мақалада данышпан Абайдың артынан қалдырған еңбектерінің қаншалықты құнды екендігі жан-жақты баяндалған. Тіпті оның әр жолдарынан өмірге қажетті баға жетпес құнды кеңестер алуға болатыны жайында жазылған. Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін, өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. ҚР Президенті мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деп атап өтті.

Жастарды адамгершілікке, әдептілікке, адалдыққа, имандылыққа баулуда Абай Құнанбаев шығармаларынан көп үлгі, тәрбие алуға болады. Атап айтқанда «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» өлеңдері адамзатты, оқу-білімге, өнерге, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа шақырса, өсек, өтірік сияқты жағымсыз қылықтардан жирендіреді. Абай түсінігіндегі адам ақылдылық пен еңбексүйгіштіктің, әділдік пен білімнің, махаббат пен адалдықтың, адамгершіліктің жиынтығы. Тек осы қасиеттерді бойына сіңірген кісі ғана – нағыз Адам деп ойлаймын. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге өмір сүріп келеді. Және мәңгі сүре бермек.

Б.БИКЕЕВА,
кітапхана библиографы.

Комментарии закрыты.