Тұрғындар үшін тиімді жүйе

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсан күні «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Міне, осы жаңа жүйе кеншілер қаласында қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы сауал төңірегінде біз қалалық емхананың отбасылық денсаулық орталығының жетекшісі Айгерім Амантаеваға жолығып әңгімелескен едік.

Маманның айтуынша, міндетті әлеуметтік сақтандыру тұрғындар үшін өте тиімді жүйе болмақ. Қазірдің өзінде ел оның тиімділігін айқын сезінуде. Бүгінде Сәтбаев қаласы бойынша 30 мыңнан астам адам шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі. Мұның сыртында жарна төлемейтін тұрғындар да бар екен. «Өйткені, олар ай сайын мемлекеттен қолдау көрсетілетін азаматтардың санатына кіреді. Олар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесін алады және медициналық қызметтердің қосымша пакетіне қол жеткізеді», – деді отбасылық денсаулық орталығының жетекшісі.

– «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы Заңда еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын параметрлер қайта қаралғанын айта кету керек. Мұның өзі төлемді орташа есеппен 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін төлейді, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін өздері төлейтін болады. Одан бөлек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады.

Жалпы, бұл тиімді жүйе біздің облысымызда өткен жылдан бастап пилоттық жоба ретінде қолға алынды. Сол кезден бері біздің тұрғындарымыз тегін медициналық көмек алуға қол жеткізіп отыр. Мәселен, өткен жылдың қыркүйегінен бастап жүрек, ми, қан тамырлары сырқаттарына шалдыққандарды, инсульт алғандарды, осы сырқаттар бойынша ота жасалған жандарды оңалту үшін Жезқазған қаласындағы көпсалалы емхана мен «Медициналық орталықта» арнайы оңалту орталықтары ашылып, тұрғындарды тегін емдеуде. Мұның сыртында біздің емханадағы күндізгі емдеу орындарының да көлемі ұлғайтылды. Бұған дейін күндізгі стационарда 10 төсек болса ол 25-ке дейін көбейді. Қалалық емханаға тіркелген азаматтар енді осында келіп ем-домын алып тұрады.
Қазір, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография сияқты заманауи құралдар арқылы тексерістен өту де қолжетімді, әрі тегін. Тұрғындардың өтініші бойынша біз оларды еліміздің кез келген аймағына тегін тексерілуге жібере аламыз. Сол сияқты, осы жаңа жүйенің арқасында біздің зертханаларымыз сараптай алмайтын күрделі сараптауларды «Олимп» зертханасы арқылы тегін жасауға да мүмкіндік алып отырмыз, – дейді Айгерім Амантаева.

Қысқасы, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі Мемлекет басшысының биылғы Жолдаудағы тапсырмасы негізінде оңтайландырылып жатыр. Тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы әрбір адамға шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қоғамдық мәні бар ауруларды мемлекеттік бақылауға алуға негізделген. Ал, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетінің жаңа үлгісімен қатар енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті оның кем-кетігін толықтырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының іргетасын қалауға ықпал етпек. Яғни, шұғыл көмек пен мемлекет тарапынан реттеуді талап ететін саланың бәрі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті есебінен жүзеге асырылады. Ал, кепілдік берілген тегін көмекке кірмейтін қосымша қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.

Амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмекті әлеуметтік маңызы бар аурулар да, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде динамикалық бақылауға алынатын науқастар да ала алады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейтін науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, қазіргі кезде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС жүйесінің медициналық пакеттері кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жаңа үлгісіндегі медициналық пакеті бойынша барша азаматтарға жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл жағдайларда стационарды алмастыратын және стационарлық көмек пен паллиативті көмек кіреді. Ал, әлеуметтік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде консультативті-диагностикалық қызмет, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек және туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалту жатады.

МӘМС (сақтандырылғандарға арналған) жаңа үлгісіндегі медициналық пакетіне консультативтік-диагностикалық көмек, ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу, балаларды мамандандырылған деңгейде тексеру, бағасы қымбат зертханалық қызметтер кіреді.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретті түсірген автор

Комментарии закрыты.