Елордадан жеңіспен оралды

Сәуір айының басында Елордамыз Астанада «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тобында және өзге ұлт топтарында оқитын 7-11 сынып оқушылары арасында «Жарқын болашақ» IV республикалық «KATEV» қазақ тілі олимпиадасы өтті. Оған Сәтбаев қаласынан бес оқушы қатысып, екеуі жүлделі орындарға ие болып қайтты.

Олимпиада мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ, қазақ тілінде мәнерлеп сөйлеуге машықтану, сөздің мәнін жете түсіну, ғылыми жұмыс қорғау және көркем шығармаларды нақышына келтіріп оқу арқылы оқушыны ауызекі сөйлеуге үйрету.

«Нұр Орда» қазақ-түрік лицей кешенінде өткен олимпиадаға республиканың барлық облыстарынан барлығы 500 бала қатысты. «Жарқын болашақ» 5 байқаудан тұрды: «Әнші бұлбұлдар», «Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Сөз шеберлері» мен «Жазушылар». Соңғы байқаудан С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Бауыржан Амангелді өз облысының ұлы тұлғаларын, тарихи және мәдени жерлерін, табиғатын танытып, ІІІ орынды жеңіп алды. Аталмыш мектептің тағы бір оқушысы Бейбіт Жанатұлы «Сөз шеберлері» байқауында Абай Құнанбаевтың қара сөзін мәнерлеп, Қасым Аманжоловтың өлеңін жатқа оқып, өзіндік қабілеттерін көрсеткені үшін жүлделі ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, Бейбітке Алматы қаласында орналасқан Сулейман Демирел атындағы университеттің гранты табыс етілді. Бұл жоғары оқу орнын білім берудегі ынтымақтастықты нығайту, бауырлас екі елді жақындастыру және келешек жас буынның алдынан жаңа көкжиек ашу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия мемлекетінің Президенті Сулейман Демирел 1996 жылы 12 желтоқсан күні ашқан болатын.

Сәтбаев қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Құралай Жарылғапова оқушыларды жоғары деңгейде дайындағаны үшін «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры атынан Алғыс хатпен марапатталды. Барлық бағыттар бойынша орын алған оқушылар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен, ал қалғандары қатысқаны үшін сертификатпен марапатталды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.