Айшықты шаралар Абайға арналды

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ақын атындағы мектепте айшықты шаралармен басталды. Өткен сенбі күні Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде ата-аналарға арналған ашық есік күнінің іс-шаралары ұлы тұлғаны ұлықтауға арналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан, ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн», деп айрықша атап өтті. Мектеп-лицейде өткен «Алтын үштік: ұстаз – оқушы – ата-ана – болашақ бастауы, жаңа бағыт, жаңа көзқарас» атты ашық есік күні де осыған негізделген. Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі. Осыны мақсат еткен мектеп ұжымы ашық есік күнінде ақын шығармаларына кеңінен орын берді.

– Іс-шараның негізгі мақсаты ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, оқу мен тәрбиедегі жаңа әдіс-тәсілдерді көрсету. Біздің осы мақсатымызды жүзеге асыруға ақын Абай, хакім Абайдың 175 жылдығы мен Мемлекет басшысының осы орайдағы мақаласы оңтайынан келді. Бүгін 1-сынып пен 5-сынып арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған ашық сабақтар өткізіліп, оған осы сынып оқушыларының ата-аналары да қатыстырылды. Бұл бір жағынан ата-анаға балаларының білім деңгейін өз көздерімен көруге мүмкіндік берсе, екінші жағынан Абайдың шығармаларын ата-аналардың санасына аздап болса да сіңіруге мүмкіндік алып отырмыз, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Сейітжапарова.
Бұл күні бастауыш сынып оқушылары Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін жатқа айтып, ақын шығармаларынан шағын қойылымдар әзірлеп, ата-аналарын бір куантты.

Ашық есік күнінде мектептің фойесінде ұлы Абайдың шығармалары топтастырылған кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шебер қолды ата-аналар өздері жасаған бұйымдарын әкеліп, көрме ұйымдастырып, оқушылар арасында шеберлік сыныптар өткізді.
Ал, ашық есік күні мектептің акт залында жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өткен «Абай рухымен сырласу» атты әдеби-сазды сағатпен қорытындыланды. Онда оқушылар ұлы Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін бүгінгі заманмен байланыстыра орындап, оның мәні мен маңызын шама-шарықтарынша ашып көрсетті. Сол сияқты өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары Абайдың әндерін шырқап, Абай мұрасының өміршеңдігін тағы бір рет паш етті.
Айшықты шараны мектеп директоры Гүлмира Жаппасова қорытындылады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз. Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. Біздің бүгінгі ашық есік күніміз де осы ілкімді істің заңды жалғасы сияқты. Абай атын иеленіп отырған білім ордасы болғандықтан ақынның мерейтойын осындай айшықты шарамен бастағанды жөн көрдік. Алда әлі де талай істер тұр. Соның бәріне өздеріңіз куә боласыздар, – деп түйіндеді сөзін мектеп басшысы. Бұдан соң ол аталған іс-шараға белсене атсалысқан бір топ ата-аналарды арнайы дипломмен марапаттады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.