Айналымға шықты

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2020 жылғы 28 қаңтарда 2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 теңгелік монеталарды айналымға шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Монеталардың дизайны мемлекет басшысының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалған. Биколорлы айналыстағы монеталар дизайнының стилистикасында шығыс және батыс мәдениетінің көркемдік элементтерінің үйлесімі бар. Сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискісі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген. Орталық бөлігінде мемлекеттік елтаңбаға қоса «QAZAQSTAN RESPBLIKASY» деген жазба бейнеленген. Төменгі жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазу бар. Төменгі бөлігінде ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін «TEŃGE» деген жазу, сол жақ бөлігінде «QUB» аббревиатурасы бар. Оң жақ бөлігінен Қазақстан теңге сарайының тауар белгісін байқауға болады. 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналымнан табиғи тозу шамасына қарай алынады.

Комментарии закрыты.