Жетістік жолымен бөлісті

Замана өзгерген сайын адамның қажеттілігіне қарай жалпы құндылықтар да ауысып жатыр. Тұлғаның өзін-өзі дамытуы, жетілдіруі, жетістікке жету жолдары бүгінде сұранысқа ие қажеттіліктердің қатарын толықтырып, даму баспалдағы ретінде үлкен мәнге ие болып келеді. Сондықтан, өзгенің өмір жолын өнеге қылу, жетістікке жеткен танымал тұлғадан тағылым түю қалыпты қағидаға айналғандай. Осыған орай таяуда қаламызда жастарға арналған кездесу ұйымдастырылды.

БҰҰ-ның даму бағдарламасының «Жастар бейбіт дамуды қолдайды» жобасының негізінде ұйымдастырылған кездесуге Сәтбаевтан түлеп ұшқан азаматтар, атап айтқанда танымал әнші, актриса Салтанат Серкебаева мен «BI Group» құрылыс холдингінің топ-менеджері Дархан Шілдебаев арнайы шақырылды. Қонақтармен кездескен қаламыздағы колледждердің белсенді студенттері олардың өмірдегі белестерінен ой түйіп, өздерін толғандырған сауалдарына жауап ала алды.

«Жастар бейбіт дамуды қолдайды» жобасының менеджері Дана Ораз аталған жобаның негізгі мән-мақсатын түсіндіріп, мұндай шаралардың барлығы жастардың ортақ пікірлер алаңын құрып, бірлесе еңбек етуге шақыратынын жеткізді.

Қос қонақ мақсатқа жету жолдарымен бөлісіп, қолда бар мүмкіншіліктерді қалт жібермеуге шақырды. Яғни, өзін-өзі жетілдіруі үшін кітаптар оқып, терең білім алудың пайдасы зор болатынын айтты. Алда кездесетін кедергілерді мүмкіндік деп қарастырып, қиыншылыққа төтеп берудің төте жолы сол екендігін ұғындыруға тырысты. Дархан Шілдебаев өзінің негізгі ойын әйгілі ғалым Альберт Эйнштейннің «Жетістікке жетуге ұмтылма, пайдалы болуға тырыс» деген тұжырымына негіздесе, Салтанат Серкебаева ұлы ойшыл Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» сөзін өміріне арқау қылатынын жеткізді. Студенттер тарапынан қонақтарға «Мақсатты қалай айқындауға болады?», «Тұлға болып қалыптасу үшін керек қасиеттер», «Түйіндеме қалай толтырылуы керек?», «Тіл білудің артықшылықтары» турасында сұрақтар қойылды. Кездесу соңында жиынға белсенді қатысқан студенттерге кітаптар сыйға беріліп, кофе-брейк ұйымдастырылды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.