«Отанды қорғау – ардың ісі» – дейді қарт жауынгер

«Ана үшін аянба – ант ұрады, Бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын» деп қазақтың хас батыры Бауыр­жан Момышұлы айтқан­дай, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысы деп аталатын алапат мыңдаған емес, миллиондаған бейкүнә адамның шаңырағын шайқап, не опырып ортасына түсірді.

Ұлы Отан соғысының қан-қасап қырғыны ешқашан ұмы­тыл­мақ емес. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл қанды қырғынға 35 миллион адам қатысқан. Орта Азия республикаларынан 3 миллионға жуық адам қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен. Кеңестер Одағынан 27 миллион жастың өмірі қыршынынан қиылды. Бұл күн аталарымыздың 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Өмір мен өлім арпалысып, ақыры Жеңіске жеткенімізге биыл 67 жыл.

Соғыс деген сұмның залалын біле тұра өз еркімен майдан даласына сұранып барған жастардың да қатары аз болмағанын байқап жүрміз. Солардың қатарында Нияз Калимов та болды. Ақсақал майдан даласындағы жауынгерлік жорықтарын былайша еске алды:

– Мен 1922 жылы Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылының Махат көңінде өмірге келіппін. Балалық шағымыз қиыншылық пен жоқшылыққа, қазақты қынадай қырған 1932 жылғы ашаршылық жылдарына дөп келді. Ашаршылықтан есеңгіреген жұрт есін жияр-жимастан екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы күллі елге жайылды. Ауылдағы жігіттердің қатары соғысқа алына бастады. «Ел үшін туған ер болса, елі үшін өледі» демекші, мен де қатарымнан қалмай майдан даласына өз еркіммен сұрандым. Бұл 1941 жылдың желтоқсан айы болатын. Бізді ІІ Украинаның майдан даласында 42 гвардиялық дивизияға қосты. Бұрынғы тіс қаққан жауынгерлерден тәжірибе алып, 1942 жылдың тамыз айында алғаш майданға кірдім. Харьков, Житомир қалаларын неміс басқыншыларынан азат еттік. Қалың бекіген фашистік топтан Украина даласын азат ету оңай болмады. Екі қаладан жауды қуа-қуа Днепрге жеттік. Мұнда ормандар жаудың бекінген ордасына айналыпты. Сол ормандардың арасында жүріп, біздің 84-полк жауды тып-типыл етті. Өз қолыммен 5 немістің басқыншысын өлтіріп, 5 тұтқындап, тапсырдым. Сол жылы алғаш осы ерлігім үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым. ІІ Украина майданының жауынгерлерінің талайы ерлікпен көзге түсті. Біздің 84-полкты кейін І Украина майданына қосты. Мұнда да шағын деревнялардағы жаудың ордасын бұздық. Сөйтіп, Украина даласын жаудан азат етуге үлес қостық. Ульянов облысында әскери училищеде оқып, кіші лейтенант атағын алып шықтым. Одан кейін Ленинградтағы әскери академияға оқуға бардым. Осында оқып жүргенде Германияның күйреп, жеңілгенін естігенде жаумен бекер арпалыспағанымызды түсіндім. Бұл 1945 жылдың 9 мамыры болатын. Елге 1946 жылы оралдым. Ол кезде Қарсақбай мыс қорыту зауытының жұмысы қызу жүріп жатқан кез еді, аудан болатын. Майданнан келісімен осында инспектор болып орналастым. 1947 жылы жолдамамен Рудникке келіп, Шығыс Жезқазған кенішіне орналасып, еңбек еттім. Шахтаның астына түсіп, шыңыраудан кен алдық. Қазіргідей техниканың күші жоқ, барлығын қол еңбегінің арқасында жүзеге асырдық. Осы кеніште 42 жыл тапжылмастан еңбек еттім. Жас кезде көрген бейнеттің қазір зейнетін көріп отырмын. Отанды қорғау – ардың ісі. Осыны кейінгі жас ұрпақ санасында түйіп жүрсе екен. Біз осы байтақ даланы өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз үшін жан берісіп, жан алысып қорғап қалдық. Ендігі жердің иесі осы ұрпақтарымыз. Қорғайтын да солар, – дейді қарт майдангер.

Ер етікпен су кешкен бұл қанды қырғында әр қимыл, әр минут қымбат болатын. Ерен еңбек үшін емес, Отан үшін жан пидалыққа барған Нияз ақсақалдың кеудесінде «Қызыл жұлдыз» , Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордендері, маршал Жуковтың, «Ерен ерлігі үшін» және мерекелік медальдары жарқырап тұр.

Нияз ақсақал елге оралған соң елдің экономикалық жағынан өсуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына үлесін қосты. Екі мәрте Құрметті кенші атағын иеленді. Бәйбішесі Ұлжамал апай да соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жан. Екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, ұрпағының өсіп-өнгенін көріп, солардың тілеуін тілеп отыр.

Тоқсанға келген қарт әңгіме соңында елге тыныштық, бейбітшілік тілеп, аталық ақ батасын берді.

Елінің шетін жау басқанда егеулі найза қолға алып, жауына шүйліккен осындай асыл текті аталарымыздың ерліктері ұрпақ үшін мәңгілік өнеге. Сол үшін де осындай жандарды дәріптеуге біз де күшімізді салып келеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.