Киелі қарашaңырақ әлемдік рейтингке көтерілді

Биыл елімізде Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аталып өтетін болды. Ал енді, мына сәйкестікті қараңыз. Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне де 85 жыл толыпты. Киелі қара щаңырақ сонау 1934 жылдың 15 қаңтарынан бастап ел мүддесі үшін аянбай қызмет етіп келе жатыр…

Бүгінде ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды. Елбасы отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қойып отыр. Ғылыми әлеуетті дамыту – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі.
ҚазҰУ – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орны. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады. 2000-нан астам профессор, ғылым докторлары мен кандидаттары, философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жақын Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40-тан аса жас ғалымдар мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендиаттары еңбек етеді.
Университетте 25 мыңнан астам студент пен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар білім алуда. Сондай-ақ заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша әлемнің ең ірі 400-ден аса халықаралық жоғарғы оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.

Соңғы жылдары президенттің тапсырмасын іске асыруда университетте көп жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 207 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 13 орынға көтерілді. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кіреді: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).

Қазіргі таңда Елбасы Қазақстанның жоғары оқу орындарына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойып отыр. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойындалған еліміздің жетекші университеті ретінде осы маңызды мемлекеттік тапсырманы іске асыруда мақсатты жұмыс атқаруда. Біздің университеттің жақын болашақта бұл белесті бағындыруға ғылыми, оқу-методикалық және кадрлық потенциалы толық жететіндігіне біз – осы университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері – толық сенімдіміз.

Т.МУХАЖАНОВА, Қ.ҚҰНАПИНА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының доценттері т.ғ.к.
Құралай ТӨРЕБАЙ,
кітапхана ісі мамандығының 1 курс студенті.

Комментарии закрыты.