Педагог мәртебесі – ел мерейі

Өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Жалпы 21 баптан тұратын құжат еліміздегі жарты миллионнан астам педагогтың құқығын қорғап, абыройын арттыра түспек. Бұл құжат еліміздің тарихында педагогтарға арналған тұңғыш заң болуымен де ерекшеленеді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбековпен болған әңгімемізде осы заңның басты ерекшеліктері егжей-тегжейлі сөз болды.

– Берік Базылұлы, жаңа заңның қабылдануымен құттықтап қойсақ артықтық етпейтін шығар.

– О, не дегеніңіз. Рахмет, әрине. Бұл – еліміздегі 500 мыңнан астам педагогтың қуанышы. Бұл құжат педагогтардың мерейін үстем етіп, мәртебесін асқақтатып тастады. Бұл – елдің мерейі.

– Заңның басты ерекшеліктері қандай?

– Бұл заң төрт бағыттан тұрады. Біріншісі, педагогтардың құқығын қорғап, артық жүктемеден босатады. Екіншісі, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Үшіншісі, материалдық емес ынталандыру тетіктері. Ал төртінші бағытта материалдық тұрғыдан көтермелеу шаралары қарастырылған.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 4 жыл ішінде мұғалімдердің еңбек-ақысы екі есеге артады.

Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес, бұған дейін тек мектептердегі мұғалімдерге ғана қосымша ақы төленетін еді, енді балабақшалар мен колледждердегі педагогтар үшін де біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақыдан 30 пайыздан 50 пайыз аралығында қосымша ақы төленетін болады. Бұл – әрбір педагогтың шеберлігіне, біліктілігіне байланысты берілетін қаржы.

Жаңа құжаттың арқасында тәлімгерлік үшін мектеп мұғалімдеріне ай сайын қосымша 17 мың теңгеден төленетін болды. Тәлімгерлік бұрыннан бар. Әр мектепте білікті педагог жас мамандарға бағыт-бағдар береді. Бірақ, бұған бұрын ақы төленген жоқ. Биылғы 1 қаңтардан бастап ғылыми педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін ай сайын мектеп мұғалімдеріне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (25 500 теңге) үстемеақы төленеді. Бұған дейін магистрлерге мұндай қолдау болған жоқ. Сынып жетекшілігі, дәптер тексергендігі үшін төленетін ақы екі есеге артып отыр.

Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге де үлкен қолдау көрсетілмек. Мұндай жетістіктерге ие болған педагогтарға үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған.

– Бұл қала мұғалімдеріне қаншалықты қатысты болмақ?

– Жаңа заңға сәйкес, кеншілер қаласындағы 921 мұғалім жаңа жүйемен жалақы алатын болады. Бұл 854,2 млн теңгені құрап отыр. Бұл үрдістен қаламыздағы мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері мен мұғалімдері де қалыс қалып отырған жоқ. Атап айтқанда, 445 педагогтың айлығы өсіп, 115 млн. 495 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, қосымша білім беру мекемелерінің 180 мұғалімінің жалақысы да өсті. Ол 48 млн 788 мың теңге болды.

– Материалдық емес ынталандыру жақтары жайлы не айтасыз?

– Заңда материалдық емес ынталандыру тетіктері туралы да жазылған. Соған сәйкес, педагогтардың балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылыпты.

Ынталандырудың тағы бір жағымды жағы – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты тағайындалатын болды. Бұл құрметке ие болған ұстазға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы сыйақы төленеді.

Бұған дейін балабақшалардың тәрбиешілері, педагогтары 42 күн демалған еді, енді олар да мектептердегі педагогтар секілді 56 күн демалатын болады.

– Педагогтың құқы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Жаңа Заң педагогтардың жеке дамуына және жалпы оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Олар қағазбастылықтан арылып, тек өз міндеттерімен айналысады. Мұғалімдер функционалды қызметіне жатпайтын жұмыстарға тартылса, құқықбұзушы жауапқа тартылады.

Педагогтарға заңсыз жүктеме берген тұлғаларға әкімшілік іс қозғалады. Мұндай жағдай анықталған кезде алдымен ескерту беріледі, одан кейін тағы да қайталанса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске сәйкес, 20-дан 120-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (53 020 теңгеден 318 120 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Жалпы, педагогтарды өздерінің функциясына кірмейтін жұмыстарға тарту, еліміздің заңнамаларында белгіленбеген тексерулерді жүргізу, бекітілмеген есептерді сұрау, талап ету тәрізді үш пункт бойынша алдымен ескерту беріледі. Қайталанса 20-дан 120 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, осы заңның жүзеге асуы үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, балалардың құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, заңсыз тексерістер үшін айыппұлдар қарастырылып отыр. Ұстаздың ар-намысына тигендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оқушылар тарапынан өрескел қылық көрсетілсе, ата-анасы жауап береді. Жеке тұлғалар педагогтың ар-намысына тигені үшін бірінші жағдайда 30 АЕК-ден төлейді. Екінші рет қайталанса, 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл жағдайда ескерту мүлде болмайды, бірден айыппұл төлейді. Кәмелетке толмаған балалар педагогтарды балағаттаған жағдайда олардың ата-аналарына немесе заңды тұлғаларына бірінші рет болса 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Екінші рет қайталанғанда 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.