Интернетсіз бір күн

Жыл сайын қаңтардың соңғы жексенбісінде әлемде Халықаралық интернетсіз күн аталып өтетінін бірі білсе, бірі білмейді. Ресми түрде бекітілмесе де, бұл күн 2000 жылдардың басынан бері аталып келеді. Англияда ең алғаш енгізілген айтулы күннің басты мақсаты – адамдарды компьютерлер мен жаһандық желіден бір күнге ажырату. Олардың бір күнді «шынайы» өмірде күн кешіп, бір-бірімен араласуына, әңгіме-дүкен құруына немесе сүйікті істерімен айналысуларына мүмкіндік тудыру. Бір сөзбен айтқанда, виртуалды өмірдің емес, шынайы өмірдің қарапайым қызықтарына кенелту.

Бүгінде жастың да, жасамыштың да, қарттың да, тіпті мектептегі емес, бақшадағы баланың да таңы ұялы телефон мен интернетпен ататыны өтірік емес. Бір сағат интернет қосылмай қалса, жаңалықтардан қол үзіп, көште қалғандай әлек боламыз. Ал ұялы телефонсыз аяқ баспаймыз, оны ұмытып кетсек, бар шаруамызды ысырып, соған қолымыз жеткенше көңіліміз жай таппайды дегенмен келіспейтін жан жоқ шығар. Қанша жерден мобильді телефонның, интернетке тәуелдіктің зияны туралы айтылып жатса да құлақ аса қоймаймыз. Ал, мамандар болса уақытты үнемі желіде өткізу адамның, оның ішінде баланың психологиялық және физикалық жай-күйіне теріс әсер етеді, олардың денсаулығына орасан зиян келтіреді деп дабыл қағуда. Бала ашушаң, шыдамсыз, күйгелек болып, аурушаң және үнемі шаршап жүрсе, ол ең алдымен интернетті және ұялы телефонды көп пайдалану салдарынан дейді психологтар. Жоғарыда аталған Халықаралық интернетсіз күн – бұл жаһандық желіні пайдаланушыларды бір күнге болса да интернетті ойдан шығаруға шақыратын бүкіләлемдік флешмоб.

Халықаралық интернетпен тәуелділікпен күрес күні біздің елімізде соңғы жылдары қарқын алып келеді. Әсіресе білім ордаларында кең ауқымды республикалық акциялар тұрақты түрде өтіп келеді. Қаламыздың білім ошақтары да жыл сайынғы іс-шараларға белсене қатысуда.

«Мен OFFLINE (оффлайн)» республикалық кең ауқымды балалар акциясы аясында №1 мектеп-гимназиясында да қызықты іс-шаралар өтті.

Ең алдымен барлық оқушылардың қалта телефондары жиналып алынып, мектептегі бір күн мүлдем ұялы байланыссыз және интернетсіз өтуі тиіс болды. Білім ұясындағы акцияға барлық сыныптар атсалысты. Бастауыш сыныптар арасында «Мен күнімді интернетсіз қалай өткіздім?» атты суреттер көрмесі мен орта буын және жоғары сыныптар арасында «Мен оффлайн» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырылды. 5-7 сынып оқушылары арасында мектеп ауласына жасырылған қазына табу бойынша квест өткізілді. 8-10 сыныптар арасындағы станциялық жарыстар да ерекше көңілді, әрі қызықты өтті. Онда оқушыларға 14 станцияда белгілі тапсырмалар берілді. Мәселен балалар оригами жасау, судоку шешу, Әнұран орындаудан жарыс, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақтан, спорттық ойындардан сайысу сынды көптеген тапсырмаларды орындады. Барлық жарыстар мен байқаулар нәтижесі бойынша әр сыныпқа тиісінше балл беріліп, акция соңында жеңімпаздар анықталды. Жүлделі орындардың барлығын спорттық шараларда да алға шыққан, интеллектуалдық сайыстарда да басым түскен қазақ бөлімі сыныптары қанжығаға байлады. 3 орынды ұпайлары тең түскен 8а және 10 а сыныптары өзара бөлісті, 2 орынды 9 а сынып оқушылары иемденді. Жүлделі 1 орынды ең көп ұпай – 182 балл жинаған 10 ә сыныбы жеңіп алды.

– Бүгінгі күн оқушылар үшін ғана емес, жалпы күллі ұжым үшін ерекше өтті. Барлық сыныптар жұдырықтай жұмылып, намысты қолдан бермеуге барын салды. Ұялы телефон, интернет дегенді еске алған адам болмады. Балалар барлық ынта-жігерлерін командалық жеңіске бағыттады. Осындай іс-шаралар оқушылардың бір-біріне сыйластығын арттыратыны, сыныптағы өзара достықты күшейтетіні сөзсіз, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Достияр.

Жүлдегерлерге арналған сыйлыққа келсек, мектептің қамқорлық кеңесінің мүшесі, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Еңбек» кәсіподағының төрағасы Қасымбек Балтабекұлы Иманбаев жеңімпаз оқушыларға киноға билет тапсырып, демеушілік көмек көрсетті.

А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.