Поэзия пырағы

Орталықтандырылған кітапханада «Жыр – жауһар» клубы аясында өткен «Қазақ поэзиясының пырағы» кеші ҚР Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 85 жыл толуына арналды.

Саналы ғұмырын туған халқына арнап, перзенттік адал махаббат, ыстық ықыласымен ар-намысын поэзия көгінде ту қылып көтеріп өткен дарабоз ақынның шығармалары халқымыздың келешегі үшін қаншама ғасырлық өлшеммен қызмет етерліктей, теңдесі жоқ құндылық. Абонемент бөлімінің кітапханашысы А.Омарова ақынның өмірі, өскен ортасы жайлы бейнеролик көрсетіп, қысқаша баяндап берді. Клуб мүшелері Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін мәнерлеп оқып, әр өлеңнің шығу тарихына тоқталды. «Атамның ақылы» өлеңі арқылы Б.Мұрат өз атасын еске алса, А.Ыбыраева «Апам аурып қалғанданы» жан дүниесімен беріле оқыды.

Ақынның тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде «Көктем», «Данышпан», «Ой орманы», «Дала дидары», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау», «Күміс қоңырау», «Домбыра», «Кеш», «Жерұйық», «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан», «Саз сиқыры», «Күндер-ай», т.б., ұзын саны қырықтан аса кітабы, таңдамалы шығармаларының бес томдығы, 2001 жылы он бес томдығы жарық көрді. Екі жүзге жуық әнге мәтін жазды. Бірнеше пьесасы сахналанып, шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқан жауһарлар қатарынан орын алды. Ұлтымыздың рухани қазынасына айналды.

«Қазақтың Қадір Мырза Әлісі» кітап көрмесінен шоқтығы биік шығармалармен танысқан қонақтар үлкен әсер алып қайтты.

А.САРИНА,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.