Қазақ тарихының суреткері

Биыл Қазақ хандығының 555 жылдығы мен заңғар жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 105 жыл толған атаулы күндердің тұспа-тұс келуінде үлкен мән жатса керек. Себебі, қазақ халқына көмескіленіп бара жатқан өткен тарихын қайтарып берген қаламгердің есімін еріксіз тарихпен байланыстырасың. Ел қамын жеген жазушының шығармаларын насихаттап, оған қаншалықты құрмет көрсетілсе де артық етпес. Осы ретте орталықтандырылған кітапханада «Қазақ тарихының суреткері» атты тарихи сағат өтті.

Қазақ әдебиеті тарихында ең көп роман жазған, сол арқылы халқына рухани дем берген даңқты жазушының жеке өмір жолын қазіргі ұрпақтарға жеткізу, насихаттау мақсатындағы шараның маңызы зор болды. Құрсаулы жылдарда кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған, қысылтаяң уақытта қазақты төл тарихымен қауыштырып, алғашқылардың бірі болып, тарихи шындықты көркем әдебиетпен көмкере жеткізген жазушы бізге бай мұра қалдырды. Өмір жолы мен шығармашылығына тоқтала келе жазушының «Көшпенділер» трилогиясы буктрейлер арқылы көрсетілді. Ол он бес жылда он жеті роман жазып, еңбегін ұлт рухын жігерлендіріп, тарихи жадыны жаңғыртатын ғажайып тарихи дәйектермен сипаттады. І.Есенберлиннің қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы», т. б. романдары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғады. Соны серпін әкеліп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленді. Көркем шығарма мен тарихи деректерді қиюластыра астастырып, аса шеберлікпен өткенді «тірілтіп», шоқтығы биік шығармалары арқылы ұлт руханиятына зор үлес қосқан қара сөздің хас шебері мәңгі тарих бетінде қалары сөзсіз.

М.АСЫЛБЕК,
кітапханашы.

Комментарии закрыты.