Дамудың даңғыл жолында

Бүгінгі бейбіт күнге дейін мемлекетіміз сан қилы сындарды еңсерді. Іргетасын әлемдік саяси аренада нығайта түсу мақсатында елдің әлеуметтік мәселелерін жан-жақты шешумен қатар, жаһандық жаңа тенденцияларды да ескеріп отыруды көздеді. Нәтижесінде қазіргі таңда біз әлемдегі жаңа да жүйелі өзгерістерден қалмайтын, өткеннен сабақ ала отыра, дамудың даңғыл жолын таңдаған жас мемлекетпіз. Ел еңсесін тіктеп берген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айқындап берген саяси стратегиялардың әрі қарай да нәтижелі дамуын жалғастыруды көздеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы осының айқын дәлелі.

Расында, ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы ауқымды үндеуі – заман ағымымен шебер үндескен саяси құжат. Онда еліміздегі өзекті саналатын бағыттардың ең маңызды тұстарына баса мән берілген. Халықтың көкейінде жүрген көп дүниеге терең көз жүгіртілген және жан-жақты талданған. Құжатта көрсетілген бағыттардың келешекте тиімді жұмыс жасауының кепілі – бәріміздің жұмылып өз саламызда адал қызмет етуіміз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі әлеуметтік сала мәселесіне көп көңіл аударды. Себебі, жыл сайын халықтың жағдайының артуы, ел экономикасының көтерілуі мемлекеттегі басқа салалардың дамуына тиісінше оң нәтиже бермек. Сондықтан, бұл құжат елдегі күрделі мәселелердің шешімін табу үшін оның тамырына көз жүгіртуді жан-жақты қарастырған. Бұдан бөлек, Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – онда азаматтық қоғам құруға деген талпыныс пен ынтаның қолдау табуында.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамаларына екпін қойылудың өзі осының айқын дәлелі. Қоғамдық кеңес, көппартиялық, саяси бәсекелестік пен ой-пікірдің сан алуандығы сынды бағыттарға баса назар аудару – азаматтық қоғам құрудың айнымас алғышарттары.
Азаматтық қоғам – саяси және адами құқықтар бұзылмайтын, пікір алуандығына оң көзбен қарайтын, әр адам өзін қауіпсіз сезінетін орта. Сондықтан, мемлекет басшысы өз Жолдауында азаматтардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталған. Мәселен, сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы делінген. Демек, мемлекет сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін маңызды шараларды жүзеге асыру қажет екенін түсініп отыр.
Құқықтардың қорғалуын тежеуші фактор саналатын сыбайлас жемқорлық мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Елімізде онымен күресу жолдарының жыл сайын күшеюінің арқасында табылған әдістер өз нәтижесін беруде. Президент өз кезегінде орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. Бұған баршамыздың үлес қосуымызды сұрады. Кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиіс екендігін айтты. Осылайша аса маңызды міндеттердің бірі ретінде құқық қорғау жүйесін толық реформалауды ұсынды.
Қарапайым халықтың құқықтарын қорғауда елеулі еңбек атқаратын полицейлер жұмысының тиімді әрі беделді болуы тиіс екендігіне назар аударды. Осы орайда Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы 3 жыл ішінде 173 миллиард көлемінде қаражат бөлінетіндігін айтты. Бұл өз кезегінде құқық қорғаушылардың тұрмыстық мәселерін шешіп қана қоймай, олардың заманауи жағдайларда жұмыс жасауына жол ашпақ. Аталмыш сала қызметкерлерінің азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғауға дайын болуы керектігіне баса мән берді.
Сондықтан, бұл саладағы мамандардың кәсіби даярлығы жоғары дәрежеде болуы үшін мемлекет оларды жан-жақты қамтамасыз етуді басты назарда ұстамақ. Әлбетте, бұл міндеттер мен жоспарлардың түпкі мақсаты – геосаяси тұрғыда мемлекет қауіпсіздін қамтамасыз ету және азаматтардың бейбіт қоғамда өмір сүруіне жағдай жасау. Себебі, ынтымағы жарасқан мемлекет қана еркін дамиды әрі жайлы өмір сүре алады.

Н.Нұрғалиев,
ТҚҰб инспекторы және полиция аға лейтенанты.

Комментарии закрыты.