Тек қыздар арасында

Жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар алып жүру, өзінен кейінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік ұғымын түсіну, өз бойындағы қасиеттерді бағалап, денсаулыққа, дене күтіміне назар аударуға үйрете білу мақсатында орталық кітапхананың Coworking залында қыз-келіншектермен өткен кездесудің мәні зор болды.

Қыздардың көңіл-күйін көтеріп, ортада жағымды психологиялық ахуал орнатып, жақсы қасиеттерді қалыптастыруға арналған тренингте орталық психологы Жұлдызай Сыздықбаева жастарды жұрт алдында абыройлы болуға шақырды. Зиянды әрекеттерге еліктеудің, қызығудың өмірге қауіп төндіретіндігін ескерттті. «Тек қыздар арасында» шарасы әйел затының бойындағы барлық қасиеттерді барынша ашуға тырысты.

– «Қыз – елдің көркі, гүл – жердің көркі». Қыз баланың сүйкімділігінен, нәзіктілігінен, әр іске талапты да алғырлығынан, өнер-білімге бейім тұратын сергектігінен шыққан сөздер болса керек. Халқымыз қыз баланы ардақтап ұстайды, оған қатты сөз айтпай, мәпелеп өсіреді. Бүгінгі біздің қыздарымыздың бойында осындай тамаша қасиеттер бар ма? Оларды қазақ қызы деген атқа лайықты етіп өсіру үшін не істеуіміз керек? Міне, бүгін осы сауалдар төңірегінде әңгіме қозғалмақ, – деген Ж.Сыздықбаева «Кангоджамс» жаттықтырушылары Виктория Непомнящих, Гарник Ксения, дұрыс тамақтану бойынша диетолог Алтынай Жүрсінбайқызы, блогер Алтынай Пернебайқызын отбасылық қарым-қатынас тұрғысында сөз қозғауға шақырды. «Аяулым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қаламқас Әбдуәлиева отбасында әйел адамның қадірін арттыру жөнінде жете баяндады. Фитнес жаттықтырушылар үйден шықпай-ақ жаттығу жасау мүмкіндігі туралы әңгімеледі. Тренинг қонақтары кофе-брейкта пікір алмасып, ақыл кеңес берді.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.