Отбасы бірлігі немесе ер мен әйелдің орны

Өткен аптада №1 мектеп-гимназияның 9 сынып оқушылары арасында отбасы бірлігі, ондағы ер мен әйелдің орны, жалпы гендерлік саясат тұрғысын талқылаған пікір-сайыс ойыны болып өтті. Онда «Қыран» және «Жалын» топтарының спикерлері өзара пікір таластырып, осы бір өзекті мәселе төңірегінде орамды ой қозғады.

Отбасын шағын мемлекет деп ұғынған елімізде оның ішкі ахуалының беріктігін сақтау – маңызды. Себебі, жанұядағы татулық – қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастыратынын кез-келген отбасы мүшесі есінен шығармаса ел іргесінің берік болары сөзсіз. Ел іргесі нық болған соң мемлекетіміздің шағын бөлшегі – отбасы жауапкершілігін жоғары бағалай білу – әр азаматтың парызы. Бұл тұрғыда отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы басты құндылық болып табылады. Жанұяның басты тірегі – ер азаматтың саясында әйел қамқорлықты танитын болса, бірлік пен береке тоғысып, қоғамның тұғыры беки түседі.

Алайда, барды бағалай алмаған отбасыларда болмашыға кикілжің туындап, әйелге қол көтеру, зорлық көрсету әрекеттерінің кездесуі бүгінгі тыныш заманымызға сын болып отырғандығы жанды ауыртады.

«Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп көңілді жұбатып, көшке ілескендей болады көбіне әйел заты. Дегенмен, тұрмыстағы ахуалдың төмендеуіне әкеп соғатын адамның мінез – құлқындағы сабырсыздығы. Елімізде гендерлік саясат негізі әйел мен ердің тең дәрежеде құқын сақтап, қоғамдағы өз орнын саналы түрде белгілеп, бағыт та беруде. Ондағы басты мақсат – отбасындағы сыйластықты сақтай білуге үндеу.

Пікір-сайыс ойынында бала да болса байыпты ой айтқан спикерлердің пікірі осыған сайды.

Жанат САРЫПБЕКОВА,
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі.

Комментарии закрыты.