БІРЛІККЕ БІР ҚАДАМ

Қарға тамырлы қазақтың өткеніне көз жүгіртсек, қашанда бір-біріне қарайласып, жетімі мен жесірін жылатпағанын, жалғызын жалтақтатпай, көрші-қолаңға көмек қолын созғанын көреміз. Осы игі үрдіс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйтқы болған Еріктілер жылымен қоғамға қайта оралды.

Таяуда кеншілер қаласындағы еріктілер қатарына тағы да бір топ жас қосылды. Осыған орай жастар ресурстық орталығында өткен салтанатты жиында қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Ивановна Хмилярчук еріктілер қатарына жаңадан қабылданған жастарды елдің ыстық ықыласына бөленетіндей берекелі іс атқаруға шақырды. Еріктілер қозғалысы қайырымдылық қолын созуға ұмтылған, олардың білімі мен білігі, тәжірибесі мен риясыз көмегі қайда керек болса, сол жерден табылатын жасы мен мамандығы әртүрлі адамдарды біріктіреді.

Алты Алашқа сауын айтып ас берсек те, туған жерді қорғап жауға қарсы шапсақ та абыз ақсақалдың батасын алуды әдетке айналдырған қазақ емеспіз бе, салтанатты сәтте Омаров Сабыр ақсақал өткен ғасырдың қойнауында қалған отты жылдардағы тылдың тыныс-тіршілігінен есті естелік айтып, жастарға ақ батасын берді, қаланың бас еріктісі Татьяна Ивановнаның омырауына волонтерлер жылының төсбелгісін тақты. Еріктінің еңбегі жүрек қалауымен жасалады. Сондықтан, еріктілер қозғалысының төсбелгісінде еркін ерік пен өр рухты бейнелейтін ашық жүрек таңбаланған.

Көрші-қолаң іс бастаса, ағайын көмекке мұқтаж болса, ауыл бірігіп асар жасаған. Қазір де көмекке зәру, қолұшын беруді қажет ететін жан аз емес. Бір қуаныштысы, біздің қалада бұрыннан қайырымдылық жасап, асарлатып, қазіргі қисынға келтірсек, волонтер болып жүргендер аз емес. Қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук қайырымдылығымен қала жұртшылығының құрметіне бөленіп жүрген бір топ азаматқа нағыз жанкешті ерікті екенін айқындап тұратын төсбелгі тапсырды. Олардың арасында Омаров Сабыр ақсақал, «Қаракет» қорының басшысы Рәш қажы Мизамбаева, «Нығымет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмаз Қыдырбеков, ISMA оқу орталығының жетекшісі Эльмира Есмағанбетова, Алаш Тұрлыбек, Қайрат Балмағанбетов, Меруерт Бақбергенова сынды кәсіпкерлер, тағы басқа қала азаматтары бар.

Бірлікке бір қадам жасалған салтанатты жиын соңынан қаланың зиялы қауымы, ақсақалдар мен жастар, қоғам белсенділері «дөңгелек үстел» басында кездесіп, волонтерлік қозғалысты жандандырудың жай-жапсарын талқылады, алда атқарылатын ауқымды істің бағыт-бағдарын айқындап алды. Әр еріктінің игі ісі туған қаланы одан әрі гүлдендіруге елеулі үлес болып қосылады.

Әлібек ӘБДІРАШ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.