Бала танымын арттыру жолында

Өткен аптада мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалалық мекемелермен бірлескен жоспарына сәйкес №12 «Гүлдер» бөбекжай балабақшасында «Мектепке дейінгі оқыту-тәрбиелеу процесіндегі заманауи технологиялық ойындардың маңызы» тақырыбында әдістемелік шара өткізді.

Ағылшын тілі маманы М.Бимақұлова «Брейн-ринг» ұйымдастырып, 8 кезең бойынша үш тілде тапсырма берді. Білім жарысында бүлдіршіндердің ауызекі сөйлеуі үш тілде жақсы дамып келе жатқаны байқалды. «Бірлік» және «Достық» топтары тартысты сайысты.

«Асық технологиясы арқылы зияткерлікті дамыту» шеберлік сыныбында тәрбиеші У.Хужаева мергендікке, ептілікке баулитын қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі ойынын бала логикасын, қол моторикасын жетілдіруде күнделікті пайдаланатынын атап өтті. Асық арқылы санау, құрастыру, асық үстінен жүру, математикалық логикалық тапсырмаларды шешу секілді түрлі оқиғаларды ойлап тауып, бала танымына қоршаған әлем заңдылықтары мен оқиғаларын қызықты түрде жеткізуге тырысты. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауға, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді.

Педагог-психолог А.Бекет баланың шығармашылық әлеуетін, бейнелік-логикалық және сөздік-логикалық ойлауын, қиялын, қолдың ұсақ моторикасын дамыту мақсатында құрылған «Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау қабілетін дамытуда құм терапиясын қолдану» шеберлік сыныбымен таныстырды. Бұл терапия баланы адамгершілікке баулиды және эмоционалды кернеуді босатуға үйретеді, оқу-тәрбие үрдісін қызықты етеді. Бала өз бетімен жұмыс істеп, зерттеудің жаңа аймақтарына қуана ауысады.

«Болашаққа қадам: балабақшада робототехника» шеберлік сыныбында тәрбиеші А.Раушанова LEGO-құрастыру, тәрбиелеу процесін жаңашаландыру арқылы ой-өрістерін дамытуды қолға алғандарын айтып, жақсы жаңалықтарымен қуантты. Сабақ барысында робототехника ғылымының қыр-сыры айтылып, тәжірибе ретінде практикалық жұмыстар да көрсетілді.

«Тіл – достықтың тірегі» атты қорытынды кезеңде жас мамандар мен бүлдіршіндер үш тілде ән салып, өлең оқып, өз өнерлерімен тәнті етті.

А. ЫҚЫЛАСОВА,
Ш.Ділдебаев атындағы
мәдениет және шығармашылық орталығының әдіскері.

Комментарии закрыты.