«Шарайна» – шыңдалу мектебі

Адам өмірінде ерекше сәттер, есте қаларлық оқиғалардың көбі алғашқы еңбек жолынан басталатынына Сіз де келісесіз деп ойлаймын. Өйткені, ең алғашқы еңбек ұжымы кім-кімнің болсын қызметтік өсу баспалдағы ғана емес, шыңдалудың мектебі ретінде маңызға ие.

«Шырайлы шарайналықтардың ортасында еңбек жолымды қалай бастадым?» деген әңгімеге келер болсақ, осыдан он жыл бұрын «Шарайна» газетінің табалдырығын аттадым. Өткен күндерді еске түсіріп отырсам, өте қызықты сәттер өтіпті мұнда. Журналистиканың қыр-сырына қанықтырып, мамандыққа баулыған сол кездегі газеттің бас редакторы Жаппасбаева Майра Смағұлқызының тәлімінен өту – шыңдалуыма, кәсіби өсуіме ықпал етті. Ең алғаш редакцияға келгенімде шығармашылық орта мені жатсынбай, бірден қабылдады. Әсіресе, газеттің директоры Бауыржан Бірманов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер, ақылшы аға бола білген Мәди Әлжаппаров: – Бізге жас мамандар қажет. Мына бала азын-аулақ ақшаға да келісіп тұр. Жұмысқа қабылдасақ қайтеді. Болашағы бар ғой, – деп менің талабымды оң көрді, қолдады.

Менің бұл газет ұжымымен таныстығым мектеп, студент кездерден бастау алды. Сол кезде-ақ шығармашылыққа бейімімді байқаған Майра Смағұлқызы бұл ұсынысты бірден қабыл алды. Бір ай сол кісінің тәлімгерлігінен өттім. Берілген тапсырманы уақытылы орындай білгенім болар, сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін, мені шақырып алып: – Талабың бар екен. Жұмысқа қабылдандың, – деп мерейімді өсірген сәті әлі көз алдымнан кетер емес. Кәсіби журналистердің қатарындағы Әлібек Әбдіраш, Абдолла Дастанов, Ізтай Белгібай сынды майталмандармен де таныстық осы ұжымда басталған еді. Әсіресе, Ізтай Белгібайұлымен қызықты-қызықты жобаларды жүзеге асырып, оқырман үдесінен шығуымыздың өзі шығармашылықта ізденіске жол ашты.

Кейіннен жас толқындармен қатарымыз толықты. Марал Шахаева құрдас әрі сырлас әріптеске айналды. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін журналистикаға бет алған Марал екеуміз аға-апалардың тәлімімен қатар сусындадық. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, Балқаш қалалық газетінде, Жезқазған аймақтық «Мысты өңір» газетінде шығармашылығын шыңдаған тілші Мейрамгүл Саяжанқызы қатарымызға қосылған жылдар «Шарайнаның» толысқан шағы болды. Қос тілде қалам тербейтін Айнұр Құлашованың газет бетінде жариялаған мақалаларын жұрт іздеп жүріп оқитын.

«Шарайна маған қандай мүмкіндік берді?» деген сауалға келер болсам, ең әуелі журналист ретінде қалыптасуыма негіз болды. Қиын да күрделі тақырыптардан қашпауға, берілген тапсырманы тиянақты әрі уақытылы орындауға дағдыландырды. Мұның барлығында да кеншілер қаласындағы жалғыз басылымның ықпалы зор. Қандай жетістікке жетсем соның барлығының бастауында «Шарайна» тұр. Мен соны мақтан тұтамын. Талай облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атандым. Соның барлығында да алғашқы еңбек ұжымымның қолдауы бар.

«Шарайнаның» шаңырағын тіктеп, уығын қадасқан Мәди Әбутәліпұлының, Ізтай Белгібайұлының, Бауыржан Жанбауұлының ағалық ақылдары, Майра Смағұлқызының аналық қамқорлығы еш уақытта ұмытылмайды.

Газетті жарнамамен толықтырып, зыр жүгіретін Дүйсенкүл Саринова, бетті әрлеп журналисттің мақаласына сән қосатын дизайнерлер Мәдина Сембаева, Қуанышгүл Жәнібекова, қазақ, орыс тілінің грамматикасына жетік корректор Рашида Орынбаева, бас есепші Гүлнәр Мағзұмованың газет үшін сіңірген еңбектері айтарлықтай.

Талай жас мамандардың топшысын қатайтып, томағасын сыпырған «Шарайна» шын мәнінде үлкен мектепке айналды. Қазір осында еңбек етіп жүрген жас журналистердің қадамынан соны аңғаруға болады. Әсіресе, Нұрлат Қонысбайдың айтар ойы анық. Тың тақырыптарға қалам тербей алатын маман ретінде қалыптасып келеді.

Биыл менің бұл салаға келгеніме – 10 жыл. Осы он жылдың жеті жылын сүйікті газетімде өткердім. Жалпы алғанда «Шарайна» мен үшін кәсіби өсуімнің баспалдағы және шыңдалу мектебі болды.
Шырайлы «Шарайнам», орда бұзар отыз жасың құтты болсын! Оқырманың мен жанашырларың, білікті журналистерің барда сенің абыройың асқақтап, беделің биіктей береріне менің сенімім мол! Отыз жылдықтың торқалы тойында төрт көзіміз түгел бас қосайық, ағайын!

Сіздерге деген ықыласпен,
Бағдат ҚАЗКЕНОВ,
аймақтық «Мысты өнір»
газетінің редакторы.

Комментарии закрыты.