ТҰРМЫСТЫҚ МӘСЕЛЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жергілікті билік өкілінің жұртшылықпен жүздесіп, ұсыныс-пікірін тыңдауы атқарылған жұмысқа сын көзбен қарап, көпшілікті толғандырған мәселелер мен оны шешу жолын айқындауға мүмкіндік тудырады. Жуырда Жезқазған кентінің әкімі Дәуір Жүнісбеков осындай кездесу өткізіп, тұрғындарға есеп берді.
Жиынға қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Ивановна Хмилярчук пен қала әкімі аппаратының жетекшісі Алмаз Нысанбаев және қаладағы әртүрлі сала басшылары қатысты.

Бүгінде Весовая кентіндегі №12 орта мектепте 104 бала оқиды, №4 «Айгөлек» балабақшасына 47 бүлдіршін барады. №2 балалар музыкалық мектебінде 183 оқушы фортепиано, домбыра, гитара, қобыз, флейта, аккордеон сияқты аспаптарда ойнауға машықтанады, вокалдан дәріс алады.

Кент төңірегінде шағын және орта бизнестің 58 нысаны орналасқан. Өз басында — 1, Весоваяда — 8, Крестовский мен Перевалкада бір-бірден коммерциялық дүкен жұмыс істеп, тұрғындардың күнделікті қажетін қанағаттандырып тұр. Өңір жұртшылығы 186 ірі қара, 123 қой-ешкі, 17 жылқы, 20 шошқа, 80 құс ұстайды. Жан-жануардың есебі жылына екі рет: 1 қаңтар мен 1 шілдеде алынып отырады.

Жиында негізінен тұрмыстық мәселе талқыланды. Тұрғындарды қоныс аударудың барысы мен коммуналдық қызметтің сапасы қатты алаңдататыны аңғарылды. Кент әкімі қойылған сауалдарға жан-жақты жүйелі жауап, тұрғындардың тұрмыстық түйіткіліне қатысты тиісті түсінік берді.

— Үкімет 2011 жылы 3 қарашадағы №1283 қаулысымен бекіткен Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, кент пен оның төңірегіндегі елді мекендерден 2 801 отбасын көшіру көзделген. Қазір 2 133 отбасы қоныс аударды, 170 отбасы құжатын рәсімдеуде. Таяуда кеншілер қаласындағы №6 мөлтек ауданда 5 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл 240 отбасының қоныс тойын жасауына мүмкіндік береді, — деді кент басшысы.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің негізгі міндеті — электр және жылу қуатымен, сондай-ақ, сумен қамтамасыз ету. Жылуды жылу-энергетика және жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорындарының басшылығы бекіткен температуралық кестеге сәйкес Оңтүстік-Батыс қазандығы береді. Ағымдағы жылу беру маусымы 2019 жылы 10 қазанда басталды, қазір қалыпты жағдайда өтуде.

Жылу қуатын тұтынушылардың жедел азаюына байланысты жылу тасығыш көлемі кемуі салдарынан құбырдың жарылуы жиіледі. Жылудың нашарлығы жөніндегі арыз-шағым ішінара қоныстанған, бірнеше пәтері бос тұрған үйлерден көп түседі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны және №5 тұрғын үй-коммуналдық цехымен бірлесіп, кемшілікті көп кешіктірмей жоюға тырысады.

Қатты тұрмыстық қоқысты «Сәт-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жинайды. Кент пен оның төңірегіндегі 30 арнаулы алаңқайға 80 контейнер қойылған. Қоқыс мамандандырылған техникамен тасымалданады. Көшені жарықтандыру және қысқы маусымда автокөлік жолын күтіп ұстаумен «Абилькасимов А.Р.» жеке кәсіпкерлігі айналысады. Тұрғын үй-коммуналдық саласындағы қалыптасқан жағдай тұрақты бақылауда.

— Әлеуметтік желі арқылы байланысу мүмкіндігі артқандықтан, тікелей әкімдіктің «Whatsapp» чатына талап-тілекті жазуға болады. Кент әкімінің аппараты ешқайсын ескерусіз қалдырмайды, мүмкіндігінше жедел әрі тиімді шара қолдануға күш салады, — деді, кент басшысы Дәуір Жүнісбеков.

Әлібек ӘБДІРАШ.
Жезқазған кенті.
Суреттерді түсірген Назерке САПАРБЕК.

Комментарии закрыты.