Жарқын жүзді жүздесу

Оқушылар сарайында «Жас ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер бірыңғай ұйымның Сәтбаев қалалық Кеңесінің ұйымдастыруымен кезекті «Өнеге» атты ток-шоу өтті. Оны осы ұйымның жетекшісі Дулат Төлегенов жүргізді. Ток-шоуға қала мектептерінің оқушылары, жас ұстаздар қатысты. Бұл жолы «Жас ұланның» белсенділерімен кездесуге Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Марал Сағынайқызы Мәдиева келді.

Ток-шоуды жүргізуші Марал Сағынайқызының жүріп өткен өмір жолымен таныстырудан бастады. Марал Мәдиева Қарағанды қаласының тумасы. Ұстаздар отбасында тәрбиеленді. Әкесі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер еді. Марал Сағынайқызы еңбек жолын Қарағандыдағы зауытта қарапайым жұмыстан бастады. Кейін Қарағанды политехникалық институтын, Қарағанды экономикалық университетін тәмамдады. Облыс орталығындағы кәсіптік техникалық училищесінде оқытушы болды. 1993 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Сәтбаев қаласы әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру бөлімінің бас маманы, ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2002 жылдан бері Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.

Кездесу барысында «Жас ұлан» ұйымының белсенділері қонаққа өзінің жеке басына, отбасына қатысты, кеншілер қаласының болашағына байланысты сұрақтар қойды. Жастардың әйел адамға отбасымен қатар, қызметті қоса атқарып алып жүру қаншалықты қиын екені жөнінде қойған сұрағына Марал Сағынайқызы: «әр нәрсеге өзіңнің шын көңіліңмен, шынайы махаббатыңмен қарасаң, отбасын да, қызметті де қатар жүргізуге болады» деп жауап қайтарды. «Әрине, отбасында өзіңді қолдайтын, демеу болатын адамдар болса, қызметте біраз жеңіл болады» деп есептейді қала әкімінің орынбасары.

Марал Сағынайқызы көп жылғы мемлекеттік қызметте кезінде өзін қолдап, сенім артқан қала басшылары Владимир Николаевич Малышев, Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетовтерді ыстық ықыласпен еске алды.

«Соңғы жылдары біздің қаланың әкімдері жиі ауысты. Ал, сіз біраз жыл әкім орынбасарының қызметін атқарып келесіз. Келген жаңа әкімдермен қалай тіл табысасыз? Мемлекеттік қызметте ұзақ еңбек атқаруыңыздың сыры неде?» деген сұраққа Марал Мәдиева: «Мәселе әкімдермен тек тіл табысуда ғана емес. Әркім өз орнында жүктелген міндеттерін тыңғылықты да адал атқаруы керек. Егер сен халқыңа, еліңе өз пайдаңды келтірсең, онда сенің қызметің де абыройлы болады. Менің мемлекеттік қызметтегі көп жылғы тәжірибем қажет болғандықтан, қазіргі міндетімді біраз жыл атқарып келемін» – деп жауап берді.

Жастар Марал Сағынайқызы үшін әйел бақыты ол – отбасы, оның берекелігі, балаларының өнегелі тәрбие, саналы білім алып, үлгілі азамат болып өсуінде  екенін де білді. Қыздардың: «қауырт жұмысыңызға қарамастан, өзіңіздің келбетіңізді күтіп ұстауға, тартымдылығыңызды сақтап жүруіңізге қалай қол жеткізесіз?» – деген сұрағына Марал апайлары: «өзіме бөлетін уақытым шын мәнінде көп емес. Сонда да болса таңертеңгілік гимнастика жасаймын, өзім таңдаған арнайы косметиканы пайдаланам. Әрине, өзімнің қызметіме сай киінуім де керек. Әйел адам қанша жаста болса да, әрқашан өзіне ұқыпты қарауы керек деп ойлаймын. Адамның жан дүниесі мен тән дүниесі әдемі әрі үйлесімді болғаны абзал ғой», – деді.

Марал Сағынайқызы жасұландықтардың кеншілер қаласының бүгінгісі мен болашағы жайлы қойылған сұрақтарына да жан-жақты жауап берді. Кездесу соңында мектеп түлектері Марал апайларына арнайы шығарған өлеңдерін оқыды. Өз тарапынан Марал Сағынайқызы өскелең ұрпақтың өмір жолына сау-саламаттық пен сәттілік, іздемпаздық пен ізгілікті істер тіледі.

М.Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.