Маңызы мол қызмет

Шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету – пробация қызметінің басты мақсаты. Заңның шегінен шыққандарға бақылау жасау да осы қызмет құзырында. Өткен жылы және биылғы бір айда осы бағытта атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде Сәтбаев қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Ахат Полат баяндаған болатын.

– 2019 жылдан бастап 306 айыпталушы есептен өтті. Есепке қойылғаны – 158. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 159-ға жетті. 147 тұлға пробация есебінен шығарылды. Олар айына 3 рет 10 күн сайын тіркеуден өтіп тұрулары қажет. 54-і сот тағайындаған міндеттерді дұрыс орындағаны үшін мерзімінен бұрын босатылды. Яғни, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 72-ші бабына сай жазасын шартты түрде өтету мақсатында сотқа қолдау хат жолдадық. Сот қанағаттандырған жағдайда азаматтар жазасын өтеуден шартты түрде мерізімінен бұрын босатылады. Тәртіп бұзғандар түзету мекемесіне жіберіледі. 2019 жылы 19 азамат жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін осы мекемеге жіберілді.

Сонымен қатар, пробация қыз-меті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламасы бойынша көмектер көрсетеді. Өткен жылы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 24 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 5 азамат қала әкімдігі бекіткен қаулы бойынша квота алды. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Қамқор» әлеуметтік қолдау орталығы арқылы көмек берілді. Айыпталушыларды қоғамға бейімдеу мақсатында салауатты өмір салтын насихаттап, спорттық шаралар ұйымдастырамыз. Қайта қылмыс жасамау, қылмыстың алдын алу мақсатында алдын алу шараларын жүргіземіз.

2020 жылдың бір айының есебі бойынша бізден 154 адам тіркеуден өтті. Олардың 93-і шектеу жазасын арқаласа, 27-і шартты түрде сотталған. Белгілі бір қызметтерді атқаруға тиым салынған 27 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды. 5 азамат түзету мекемесіне жіберіліп, 4 азаматқа қатысты апелляциялық шағым облыстық сотта қаралуда. Кішкентай баласы бар 1 азаматшаның жазасы кейінге қалдырылды. Баласы 14 жасқа толғанда сот істі қайта қарайды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.