Көшпелі жиында келелі мәселелер талқыланды

Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік мәселелерді түбегейлі шешу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қарапайым жұртшылықты жұмыспен қамту және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспей келеді. Өткен аптада қаламыздың мәслихат депутаттары бірқатар маңызды орталықтардың жұмысымен танысып, күрмеуі шешілмеген мәселелерге қанықты. Халық қалаулыларының көшпелі жиыны алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығында өтіп, кейін қалалық полиция бөлімінде жалғасын тапты.

Жұмыспен қамту орталығында өткен жиналыста депутаттар алдында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалысы бойынша бірінші орынбасарлардың баяндамалары тыңдалды. Қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук бұл орайда аталған бағдарламаның орындалысы әрдайым бақылауда тұрғанын және оған бөлінетін қаржының тиімді игерілуі жіті қадағаланатынын мәлімдеді. Бірінші болып орталықтың директоры Қазыбек Ашықбаев сөз алды. Ол 2019 жылы атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады.

– «Еңбек» бағдарламасы бойынша орталыққа өткен жылы 3443 жұмыссыз азамат келіп өтініш қалдырды. Олардың 2769-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл бағдарлама негізінен оқыту, қайта даярлау, курстардан өту секілді үш бөлімнен тұрады. Бізде қайта даярлаудан түрлі мамандықтар бойынша 217 адам өтті. Шамамен 78 пайызы жұмысқа орналасты.

Өз ісін ашу, бизнесін кеңейту секілді мақсаттарға былтыр барлығы 53 миллион теңгеге 6 несие берілді. Өткен жылдың ерекшелігі ретінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 14 грант тағайындалды. Өз кәсібін ашуға құлық танытқан жастар санатындағы 49 азаматқа қайтарымсыз грант берілді.

Жастар жылына орай 121 адам жастар практикасынан өтті. Қоғамдық жұмыстарға 602 азамат жұмылдырылды, – деп атап өтті Қазыбек Батырбекұлы.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Бапов кәсіпкерлікпен айналысушылар санының артқанын мәлімдеді. Қазіргі таңда 2850 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. 2018 жылмен салыстырғанда олардың саны 3,7 пайызға артқан. 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы негізінде 11 жоба несиелендіріліп, 14 жұмыс орны ашылған.

Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Сәтбаев қаласындағы филиалының директоры Ғалымжан Сүтбаев аталған бағдарлама жұмыссыздарды өзін жұмыспен қамтушы деңгейіне көтеруге арналғанын мәлімдеп, филиалмен атқарылған жұмыстар баян етілді.
Депутаттар баяндамашыларға кадр жетіспеушілігі, сұранысы бар мамандықтарға оқыту, бизнес өкілдеріне несие беру жолдары туралы сұрақтар қойып, толыққанды жауап алды.

Қауіпсіздік – басты назарда

Халық қалаулылары бұдан кейін қалалық Полиция бөлімінің жұмысымен танысты. Мәслихат депутаттары алдымен бөлім басшысының орынбасары Марғұлан Әубәкіровпен кездесіп, қаладағы қауіпсіздік мәселесінің жай-күйін сұрады. Татьяна Ивановна азаматтарды қабылдау үшін ашылған фронт-офистің, жедел басқару орталығының негізгі жұмыстарын баяндауды сұрады.

Марғұлан Әубәкіров жаңадан ашылған фронт-офиске мемлекеттік қызмет көрсететін көші-қон қызметі мен әкімшілік полиция көмегіне жүгінетіндердің көптеп келетінін мәлімдеді. Яғни тұрғын өз мәселесін ғимаратқа кірмей-ақ, кіре берістегі кеңседе шеше алады.

Депутаттар полиция өкіліне шет елден әкелінген көліктерді қайта тіркеуге байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар, бейнебақылау жүйесінің тиімділігі, қаладағы жол қозғалыс ережелерінің сақталмауына байланысты бірқатар сауалдарын жолдады.

– Жедел басқару орталығында дәл қазіргі уақытта 72 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында 106 құқықбұзушылық анықталды. Дәл қазір біз қосымша жылдамдық өлшегіш құрылғылар алуға сұраныс жібердік, – деді Марғұлан Әубәкіров.

Халық қалаулылары одан кейін бөлімнің атқарып жатқан негізгі жұмыстарымен танысып, полиция бекеттерін аралады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.