Жаңғырту жалғасын табуда

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты кезекті Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихаттау тобы Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінің жеке құрамымен кездесу өткізді.

Топ құрамында қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Т.Қапарова болды. Жолдаудың алғашқы «Қазақстандықтарды жұмыспен қамту» бағыты жайында Т.Қапарова баяндады.

– Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауындағы ең маңызды орындалуға тиісті іс – халықты жұмыспен қамту. Бұл бағыт оқытудың тиімді жүйесін құру және жұмысқа орналастыруға көмектесу, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсету, еңбек ресурстарының жинақылығын арттыру, Қазақстанның экономикалық белсенді орталықтарында жұмысқа орналастыру секілді басымдықтарды қамтиды.

Қазіргі кезде тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық жағдайы жыл өткен сайын жақсара түсуде. Жолдау ұсынылғаннан бері біздің қаламызда көптеген жұмыстар атқарылуда, – дей келе Талиға Қапарова «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы туралы, оның тиімділігі, қосымша тұрақты жұмыс орындарының ашылуы жайлы айтты.

Әрі қарай жалғастырған Марал Мәдиева Жолдаудың әр бағытына жеке тоқталып, Елбасы атап өткен басымдықтарды қаламызда дамытуға, әртараптандыру мен жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралармен таныстырды.

– Халықты жұмыспен қамтуға, тұрғын үйдің қолжетімділігіне, өңірлерді дамытуға назар аударылатындығы шынымен жалпы халықтың, әсіресе, білімді де білікті жас мамандардың болашағы жарқын болуына септігін тигізетін игі қадамның бірі. Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттері көп. Осының барлығын орындау мақсатында біз барлығымыз күшімізді жұмылдыра жұмыс атқаруымыз қажет, – деп аяқтады жиналысты үгіт-насихат тобының жетекшісі М.Мәдиева.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.