«Бақытты отбасы»: кім, қалай қатыса алады?

Баспана арман болған қарапайым халық үшін кез келген тұрғын үй бағдарламасы қызығушылыққа ие. Тұрғын тек тиімді шарттарға иек артады. Мемлекет тарапынан бекітілген «Бақытты отбасы» бағдарламасы биыл да өз жалғасын тауып, мұқтаж отбасылардың баспаналы болуына жағдай жасап отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында биылғы жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтылуы керек деген тапсырма беріп, 2020 жылға 100 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырған болатын. Жуырда қалалық әкімдікте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдері аталған бағдарламаның артықшылықтарын айтып, тиімділігіне тоқталды.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, балалары кәмелет жасқа толмаған толық емес отбасылар, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар ғана қатыса алады. Осы санаттардың біріне кіретін отбасылар бағасы 10 миллион теңгеге дейінгі жаңадан салынған және қолданыстағы көпқабатты үйлерден немесе жер үйден таңдай алады. Несие мақұлданған жағдайда 2 пайызбен 19 жылға дейін баспана алуына мүмкіндігі бар. Міндетті шарттың бірі – ол үй бағасының 10 пайызын банктегі шотына жинақтауы тиіс.

– Бұл бағдарлама бойынша Сәтбаев қаласында 9 отбасы баспаналы болды. Бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен тұрғын тұрғын үй инспекциясынан жолдама алуы керек. Мұнан бөлек бағдарламаға қатысушы соңғы 6 айдағы табысы жөніндегі анықтамасы қажет. Әрі қарай банк оның табысын есептейді. Ал өзге банктердегі несие тарихы бұзылған жағдайда бұған дейінгі өзге банктерден несиені қалай төлегені есептелмейді. Ең бастысы, несиесі жабылғаны дұрыс. Ал есептелген табысы өзге несиесін төлеуге жетіп тұрса, кедергі болмайды, – деді банктің Қарағанды филиалының бизнес дамыту бөлімінің басшысы Серік Сыздықов.

Жиында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, тиісті кеңестер алды.

Әли МҰҢАЙТПАС.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.