Жақсылық жасау – имандылық

Еріктілер жылы аясында қаламыздың кәсіпкерлері қайырымдылық шараларына белсене араласуда.

Сол жомарт жандарды сауабы мол іске тартып жүрген «Харекет» қоры мен «Аяла» еріктілер тобы өткен аптада Асыл Мұра мейрамханасында қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының басшысы Амангелді Құрақбай, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жастар – Болашақ» жастар одағы төрайымының орынбасары Сәкен Қайрат, «Харекет» қайырымдылық қорының өкілі Рәш Мизамбаева, «Аяла» еріктілер тобының жетекшісі Мөлдір Шарефидинова ізгі лебізін білдіріп, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетуге шақырды. Ұйымдастырушылар тарапынан қонақтарға Алғыс хат табысталып, «Харекет» қорының көмегімен баспаналы болған көпбалалы, жалғызбасты аналар және «Аяла» еріктілер тобының үлес қосуымен тұрақты ем-дом алып, дертіне шипа тапқан қамкөңіл жандар разы көңілін білдіріп, ағынан жарылды.

Атап өтейік, өткен жылы «Харекет» қайырымдылық қорының бастамасымен еліміз бойынша 164 мұқтаж отбасы қоныс тойын тойлаған болатын. Ал, кеншілер шаһарында 6 отбасы осы қуанышқа кенелген екен.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.