Әкім назарында әлеуметтік нысандар

Өткен жетіде қала әкімі Батырлан Ахметов әлеуметтік маңызы бар қаланың бірнеше нысандарын аралады.

Қала жұртшылығын жергілікті көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған жеке кәсіпкер Раушан Керімқұлованың жылыжай кешені биылғы жылдың қыс айларында алғашқы өнімдерін қала тұрғындарына ұсынып үлгерді. Жылыжайда 200 келіден аса қияр өнімі өз тұтынушысын тапты. Қазіргі кезде жылыжайда қала гүлзарларына отырғызылатын әртүрлі гүлдер көшеттері өсіріліп жатыр. Күз айларында жылыжай кешенінде қайтадан қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, баклажан өсіріліп, қыс мезгілінде сәтбаевтықтарға сауда орындарында ұсынылады.

Қазіргі көктемнің жайма шуақ күндерінде кешеннің аумағы тазартылып, белгіленген жоспарларға дайындалуда. Атап айтсақ, қала әкімдігі жылыжай кешенінің ауқымын кеңейту мақсатында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы арқылы қаражат бөлуді қарастырып жатыр. Қала әкімі сәтбаевтықтарды жергілікті көкөніспен жыл бойы қамтамасыз етуді мақсат етіп, осы тұрғыда жұмыс атқару қажеттігін баса айтты.

Қала басшысының ат тіреген келесі нысаны – жеке кәсіпкер Алданыш Әбдібековтің «Әли» мал сою бекеті болды. Былтыр желтоқсан айында іске қосылған бұл бекет барлық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда мал тұратын орындар, ыңғайлы мал сою алаңы, ет сапасын тексеретін зертхана, тоңазытқыштар бар. Бекетте күнделікті 30 бас ірі қара сою мүмкіншілігі қарастырылған.

Қала әкімі мұндай мал сою бекеттері қазіргі кезде заман талабы екенін айта келе, халыққа ет өнімдері жетпес бұрын мұқият зертханалық тексерістен өткізуді және ол жөнінде анықтама қағаз беруді қатаң қадағалап отыру керектігін ескертті.

«Сәт-Сәулет» АҚ-ның шаруашылық аймағында орналасқан тағы бір мал сою бекетінің құрылысы былтыр аяқталған. Қазіргі кезде ол қызмет көрсетуге дайын, бірақ, суық су, канализация құбырларының тартылмағандығынан тоқтап тұр. Қала басшысы бұл мәселенің түйінін құзырлы орындар өзара келісіп, тез арада шешу керектігін айтты.

М.Әбішев.

Комментарии закрыты.