СОЛДАТ ТАҒДЫРЫ немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жолда қаншама боздақ қыршынынан қиылып, қаншама жан жат жерде қалды. Қаншама адам хабарсыз кетіп, қаншама жан елге мүгедек болып оралды. Мұны ешкім ұмыта алмайды. Ұмытуға хақысы да жоқ…

Сұрапыл соғысқа 2 миллионға жуық қазақстандық қатысып, олардың жартысы майдан даласынан оралмай, дені із-түзсіз кеткені баршаға аян. Солардың қатарында 10500-дей жезқазғандық жауынгерлер бар. Олар майдан даласында опат болды, хабарсыз кетті. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – соғыс даласында қаза болып, хабарсыз кеткендерді есте сақтау. Бұл – өмірден өткен бабалар алдында біз өтей алатын бірден-бір парыз.

Қан майданда ерлікпен опат болған, әлі күнге дейін қайда жерленгені белгісіз жауынгерлерді іздестіру шаралары жыл сайын жалғасып келеді. Хабарсыз кеткендердің аты-жөні жазылған «Боздақтар», «Арманда кеткен боздақтар» атты еске алу кітаптары жарыққа шықты. Дегенмен, тізім әлі толық емес.

Осындай тағылымы мол іс-шарадан жезқазғандықтар да қалыс қалып отырған жоқ. «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мұражай қызметкерлері «Тағзым-Поколение» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп Демянск, Орел, Велиж, Сталинград, Волгоград, Воронеж жерлеріндегі сұрапыл соғыс өткен аймақтарда болып, бауырластар зиратына барып, тағзым етіп қайтты.

Өткен аптаның соңында Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрында «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Солдаттың тағдыры: мұрағаттық зерттеулердің теориясы мен практикасы» атты тақырыпта жиын-кездесу өтті. Оған қанаттас жатқан қос қаланың өндіріс ардагерлері, мектеп оқушылары қатысты.

Айшықты шарада Жез-қазған қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы, полковник Әсет Түсіпбеков, «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов сөз сөйлеп, ардагерлерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, ардагерлер мұрындық болып отырған аталмыш шараның тағылымын тілге тиек етті.

Кездесу жиында «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мұражай директоры Кенжал Балкенұлы сөз алып, «Тағзым» қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстарын, қол жеткізілген нәтижелерді, жалпы, іздестіру шараларының теориясы мен тәжірибесін жіпке тізіп шықты. Жиында сондай-ақ, аталмыш акция бойынша жауынгерлердің жорық жолдарымен жүріп, әкелері мен аталарының зираттарына тәу етіп қайтқан бір топ жандар өздерінің осы жолда алған әсерлерімен бөлісті.

Кездесуде Серке театрының әртістері «Жаралы гүлдер» спектаклінен үзінді қойса, Жезқазған қаласындағы Қабден Шыңғысов атындағы №5 мектептің оқушылары әуелете ән шырқап, кештің шырайын аша түсті.

Кездесу жиынды «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров қорытындылады.

Жұртшылықты Ұлы Же-ңістің 75 жылдығымен құттықтаған ардагер аға осы жеңіс жолында опат болған боздақтарды іздеп табуда жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген Қаныш Сәтбаев атындағы мұражайдың қызметкерлеріне, оның басшысы Кенжал Балкенұлына жұртшылық атынан алғыс сезімін жеткізді.

– Жылдар өте келе өмірге жаңа ұрпақтар келді, бірақ, өткен соғыс оқиғалары адам жүрегіндегі жарақаттарды әлі де жаза қойған жоқ. Фашизммен шайқаста қаза тапқандар, нацистік қапаста қинап өлтірілгендер, бәріміздің ортақ Жеңісіміз үшін күндіз-түні, ұйқы-күлкісіз, дамыл таппай тылда еңбек еткендер біздің есімізде мәңгі қалады, – деп түйіндеді төраға өз сөзін.

Орайы келгенде айта кетейік, 1941 жылдың 22 маусымында тұтқиылдан басталған екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полк пен батальондар жасақталып, жіберілді. Жауға атылған 10 оқтың 9-ы қазақстанның қорғасынынан құйылды.
Жауынгерлеріміз майдан даласында оқ пен отқа кеудесін тосып, елін, жерін басқыншы жаудан ерлікпен қорғап жатқан кезде, тылдағы еңбек майданының жауынгерлері де бір тыным тапқан жоқ. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен тер төккен олар мал бағып, егін егіп, майданға азық-түлік пен киім жөнелтті. Кен қазып, көмір мен темір, мыс пен жез өндіріп, майданға қару-жарақ пен оқ-дәрі жөнелтті. Осы ерлікке толы еңбектің бел ортасында жезқазғандықтар да жүрді. Жоғары еңбек үлгісін де көрсетті. Соның айқын дәлелі – отты жылдары Жезқазған комбинаты Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын 16 рет жеңіп алды. Кейін ол Ту кеншілер мен металлургтердің ерен еңбегінің құрметіне комбинатқа мәңгілік сақтауға берілді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.