ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДӘРІПТЕЛДІ

Қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Қазақстан халқының рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығы» «BAQYT UIASY» жобасы аясында отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған тренинг ұйымдастырды.

Тренингтің қадірлі қонағы болған қоғам қайраткері, тіл жанашыры, отбасы бірлігін насихаттаушы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазықызы отбасылық құндылықтар жайында әңгіме өрбітті. Кездесуде жар таңдау, ене мен келіннің сыйластығы, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, бала тәрбиесі сынды қазіргі таңда өзектілігін жоймай отырған тақырыптар қозғалды. Қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина «Достық» үйінің жанынан құрылған отбасы институтының жұмысына кеңінен тоқталып, «Бақыт ұясы» жобасының арқасында бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған ажырасу деректерінің алды алынып жатқандығын айтты.
Сөзін «Айналайындарым!» деп бастаған Оразкүл апай ажырасу жайының көбею себебі мен отбасы құндылықтарына тоқталды. Ұлтын ұлықтаған қоғам қайраткері өз елін-жерін сүюге, мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырды.

Шаңырақ көтергеніне көп уақыт өтпесе де, арасын үзіп ажырасып жатқандардың саны артып келеді. Сәтбаев қаласында 2019 жылы 593 отбасы шаңырақ көтерсе, соның 263-і ажырасқан екен. Ұлтының болашағына алаңдайтын Оразкүл Асанғазықызы бұл мәселені шешу жолын жеткізіп, әйелдер қауымына ойын өзгертуге бағыт-бағдар беріп, шаңырақтың шайқалмауына әрекет жасау керектігін тілге тиек етті. Отбасында жақсылықтың жаршысы болып, тазалықты әрдайым серік етіп, береке-бірлікті сақтап қалу керектігін алға тартты. Осылайша өмірлік тәжірибелерімен бөліскен тіл жанашыры әсерлі әңгіме өрбітті. Жүздесуде бұдан бөлек тіл мәселесі, тарих және ұлт болашағы да тереңінен талқыланды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.