Ерлер Есімі ұмытылмайды

Ауған соғысының аяқталғанына 31 жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де көптің көкейінде екені белгілі. Айтулы күнге орай қаламыздағы «Тағзым» мемориалдық кешенінде митинг ұйымдастырылып, интернационалист-жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Батыр Абдрахаев ерлік пен қайсарлықтың жарқын үлгісіне айналған ерлер есімі ұмытылмайтындығын баса айтты. Одан әрі көпшілік жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң «Достық» үйінде ұйымдастырылған «Ардагерлер – асыл ерлер» шарасына қалалық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Ербол Өткелбаев қатысып, ардагерлерге алғысын білдірді.

Сол уақытта жат жерде қару асынған бозбалалар қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикасын нығайтуға үлес қосуда. Отты жылдар туралы өзінің естелігімен бөліскен Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сайлау Қайранбеков «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген жалған ұранмен өзге жердің топырағында қаза тапқан майдандас достары туралы сыр шертті.

Бүгінгі ұрпақтың ендігі міндеті – Ауған соғысында опат болған жауынгерлер есімін қастерлеу. Оқ пен оттың ортасынан шығып, туған жерге оралған ағаларының ерлігін үлгі ететіндігін жеткізген қала жастары бар өнерін ортаға салды. Әуелете ән салып, күмбірлете күй шертті. Қызықтырған сауалына жауап алды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.