Ардагерді құттықтап, Алғыс хат тапсырды

Сейілбек Қожахметов… Бұл есім сәтбаевтықтарға, әсіресе аға буын кеншілер қауымына жақсы таныс. «Өз ісінің айтулы маманы, шебер басшы, талантты ұйымдастырушы» – бұл Сейілбек Қожахметұлына әріптестерінің берген бағасы.

Міне, сол Сейілбек аға бүгінде 85 жасқа толып отыр. Жуырда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ботакөз Бушманова бастаған бір топ жан мерейтой иесін арнайы барып құттықтап, қала әкімі атынан Алғыс хат тапсырды.

Қалалық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сабыр аға Омаровтың кабинетінде өткен салтанатты сәтте Ботакөз Бушманова ардагердің Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін айрықша атап өтті.

– Аға ұрпақтар – біз үшін ерліктің, еңбексүйгіштік пен шексіз төзімділіктің үлгісі. Туған өлкеміздің гүлденіп, экономикалық қуатының артуы үшін Сіздер аз қайрат жұмсаған жоқсыздар. Қарттыққа бой алдырмай, қазіргі кезде де қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысып, жас ұрпақ тәрбиесіне салмақты үлес қосып отырсыздар, – деп атап көрсетті құттықтау сөзінде ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Әкімдік қызметкерлері ардагерді құттықтап, денсаулық, бақытты, ұзақ ғұмыр тіледі және мерейтойға сый-сияпат ретінде жеміс-жидек пен тәттілер салынған себетті табыс етті.

Өз кезектерінде мерейтой иесін оның замандастары қалалық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сабыр Омаров пен оның орынбасары Сейітбаттал Кенебаев құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. Мерейтой иесінің құрдасы Сейітбаттал аға Сейілбек Қожахметұлына деген тілегін өлеңмен жеткізді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.