Ақынды еске алды

Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың туғанына 75 жыл толуына орай өткен аптада №16 орта мектепте «Шындықтың шынар биігі» тақырыбында дәстүрлі Шынболат оқулары өтті. Қалалық байқаудың мақсаты ақынның мұрасын мектеп оқушылары арасында насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және еркін сөйлеу біліктілігін арттыру болды.

Жоғарғы сынып оқушылары арасында өткен бұл сайысты қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында қалалық білім бөлімінің әдіскері Қ.Жарылғапова, Шынболат ақынның немересі А.Ділдебай, қалалық әдіс бірлестік жетекшісі Ж.Тазабекова және балалар өнер мектебінің әдістемелік жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Ж.Амралинова болды.

Табиғи дарындылығы мен таланты арқылы өнер тұғырының биігіне шыға білген Шынболат Ділдебаев ойы зерек, түйсігі терең, үлкен жүректі жан болған. «Шындық», «Ұят болды-ау», «Ашыну» секілді көптеген жыр-термелері арқылы халықтың ойындағы, жүрек түкпіріндегі шындықты Шынболат ақын дөп басып айтқан. Оның өлеңдерінің көпшілігі еліміздің Тәуелсіздігі, Отан, туған өлке, табиғат және жастарымызды адалдыққа баулитын тақырыптарға арналған. Артына өшпестей із қалдырған Шынболат атамыз өмірден озса да, халықтың жүрегінен мәңгілік орын тапқан оның құнды шығармаларын бүгінгі ұрпақ оқып-үйренуде, жадына тоқуда.

Соның бір дәлелі – осы дәстүрлі байқау. Жарысқа қатысқан 8 мектептің оқушылары сахнаға шығып, Шынболат Ділдебаевтың өлеңін мәнерлеп жатқа оқыды. Байқауда №19 орта мектептің оқушылары ерекше көзге түсті. Олар сайыстың белгілеген барлық шарттарын толық орындап, жатқа да, әнімен де ақынның өлеңдерін орындады.

Осылайша, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Мұрагер» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің әдістеме бірлестігі ұйымдастырған жыл сайынғы дәстүрлі мәнерлеп оқу байқауы өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімі бойынша ІІІ орынды Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы А.Атабаева және №2 орта мектептің оқушысы М.Сабыр өзара бөлісті. ІІ орынды №1 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Зауытқали мен №16 орта мектептің оқушысы Г.Тәжібек иеленді. Ал, жүлделі І орынды №15 орта мектептің оқушысы М.Әділбеков жеңіп алды. Құралай Жарылғапова барлық жеңімпаздарды Грамоталармен марапаттады.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.