Алғыс айту күні. Ол қандай мереке?

Енді бір аптадан кейін, яғни 1 наурызда, еліміз Алғыс айту күнін атап өтеді. Ал, бұл қандай мереке, нені мақсат тұтады, кім кімге алғыс айтуы керек деген сауалдар төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Сондықтан, біз оқырмандарға аталмыш мерекенің мәні мен маңызын ашып көрсетуді жөн көрдік.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілді. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн. Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

Шын мәнінде, бұл күн Ұлы Далада болған зұлматтар салдарынан қазақ халқының қаншалықты зардап шеккенін, бірақ, солай бола тұрғанымен қиналғандарға қолұшын беріп, бауырына басқанын тағы бір рет еске салып, жұртшылықтың тарихи жадысын тағы бір жаңғыртатын күн.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.