Сапта жүріп ән салды

Жалпы білім беретін №27 орта мектепте Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай өткен қалалық сапта жүріп ән айту сайысы патриоттық шаралардың жалғасы болды.

Білім бөлімінің басшысы Б.Ақышбеков жас ұрпақты өз елінің патриоты болуға шақырды. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, майор Е.Өткелбаев оқушыларға әскери куәлік табыстап, игі шараларға әрдайым атсалысып жүруге шақырса, Ауған соғысының ардагері Б.Арыстанбаев команда мүшелеріне сәттілік тіледі. Ашылу салтанатында аталмыш білім ордасының «Жас қыран» әскери-патриоттық клубының мүшелерінен құралған үгіт-насихат тобы өнер көрсетті.

Мағлұматтар алып, өресі кеңіген оқушылар тарихи оқиғаларға қаныға түсті. Жас буынды ұлтжандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеген шараға жалпы саны 12 мектептен құралған «Алау» бөлімшелері қатысып, «Алғашқы әскери дайындық» пәні бойынша алған білімін ортаға салды. Қазылар алқасының шешімімен №4 Абай атындағы мектеп-лицейі бірінші, №27 және №1 мектеп-гимназиясы екінші орындарды еншілесе, С.Сейфуллин атындағы гимназия мен №7 мектеп командасы үшінші орынға лайық деп танылды. Осылайша оқушылар өздерінің әскери-іскерлік дағдысын көрсетіп, елін сүйетін және қорғай алатын патриот екенін танытты.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.