«Тағдыр мені сағынуға жаратқан»

Ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың 75 жылдығына арналған кездесу осылай ақынның өз сөзімен аталды. «Шындық» шығармашылық тобы өткізген еске алу отырысының басты ұйымдастырушысы «Шынболат Ділдебаев мұражайы»  директоры, ақынның жары Гүлсара Жиеналиева болды.

«Шындық» Қоғамдық Бірлестігінің төрағасы А.Дастанов кездесуді ашып, алғашқы сөз кезегін Шынболат ағаның егіз қозыдай бірге өскен досы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген энергетигі Яхия Асатовқа берді.

– Шынболатты біздің ғасырдың тарихи тұлғалары қатарына жатқызсам да артық емес. Екеуміз 50 жылдан аса дос болдық. Оның өлеңдерінің ең бірінші тыңдаушысы да, сынаушысы да мен болдым. Жарияланатын ғана емес, жариялауға болмайтын да өлеңдерінің қыры мен сырын мен білетінмін. «Саған ғана сеніп айтамын» деп ешкім естімеген өлеңдерін маған оқушы еді. Тек суырып салмалық қана емес, қабылдау қасиеті де өте жоғары еді. Тоқтамастан 4-5 сағат бойы жыр айтатын. Біздің Шәкеңе деген сағынышымыз ешқашан таусылмайды, – деп еске алды Яхия ағай.

Оңтүстік Жезқазған кенішінде бірге еңбек еткен жылдары жайлы Өмірбек Сартов әңгімелесе, ақын Мұса Тілеуов, Мауия Бекмағанбетова, Мағзұм Қожахметов, Амангелді Бұхар Шәкеңе арнаған жырларын оқыды. Шынболат ағаның біз білмейтін жеке өміріне қатысты сырлары жайлы А.Дастанов пен жары Гүлсара Жиеналиева әңгімелеп берді. Отырыс соңында ақынның аруағына арнап дастархан жайылып, құран бағышталды.

Өмірге ерекше күн – 22 сәуірде келіп, ерекше күн – 7 қазан дүниеден өткен, аты аңыздай болған Шынболат ағамыз өлген жоқ, арамызда!

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.