Құтты келін атанған

Бір қараған адам Наталья Симакованы қазақтың сары қызы деп қалуы әбден мүмкін. Ұлты орыс болғанымен, қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қазақтан артық білмесе кем білмейтін Наталья қазақтың шаңырағында құтты келін атанып отыр.

Қарсақбай кентінде дүниеге келген Наталья қазақтың шаруашылығын бес саусағындай біледі. Әкесі Владимир мен анасы Нина қазаққа сіңісіп кеткен жандар. «Қазақстанда тұрасыңдар, сондықтан да қазақ тілін білулерің керек» деп Владимир мен Нина төрт баласына жастайынан қазақы тәрбиені бойына дарытқан.

Наталья Симакова Мұратбек Омаровпен танысып, 1999 жылы Қарсақбайда аты танымал Доскен ақсақалдың үйіне келін болып түседі. Енені көрмегенімен, атаның қас-қабағына қарап, шайын құйып, шаруашылықтың шашауынан шаң шығармай, келін болып түскен шаңырағына да, өз ата-анасына да жаман атын естірткен емес.

Қазір Мұратбек қаламыздағы жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнында, ал, Наталья №16 орта мектепте жұмыс істеуде.

– Қазақы  тәрбиені отбасымызбен меңгердік. Ол үшін әсте өкінбейміз. Кейде, қазақ тілін білмейтін қазақтың қаракөз ұл-қыздарына қарап, ыңғайсызданамын. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін ең бірінші талап қатаң болуы қажет. Сұраныс болмайынша қазақ тілінің деңгейі осы деңгейден  аспай қала ма деп те ойлаймын. Жолдасым Мұратбек екеуміз екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Екеуі де қазақ мектебінде оқиды. Өнерге жақын. Жамал апасына тартып, әнді де айтады, би де билейді, – дейді ақ жарқын Наталья.

– Міне, он екі жылдан бері отбасында берекенің бастауы болып отырған Наталья қазақтың ұлттық тағамдарын дәмді етіп дайындағанда дәмі тіліңнен кетпейді.  Ағамыз жұмыстан шаршап келгенде ас-суын дайындап, қонағы келсе иіліп қарсы алады, – дейді қайынсіңлісі, әнші Жамал Омарова.

Қазақтың бір шаңырағына құт дарытқан орыс қызының еңбекқорлығы мен отбасындағы бірлік пен татулықты сақтаудағы ақылдылығы талай қазақ жастарына үлгі болмақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.