Отбасылық құндылықтың маңызы

№1 мектеп-гимназияда Отбасы институтын қолдау мақсатында Достық үйі жанынан құрылған «BAQYT UIASY» жобасының жетекші мамандары оқушылармен кездесті.

«Ата-анамен қарым-қатынастың маңызы» тақырыбындағы тренинг барысында ата-анаға деген сыйластық, қамқорлық сезімдерін байыта түсу, әкеге деген ықылас пен, анаға деген риясыз махаббаттың сөнбеуіне ықпал ету, отбасылық қарым-қатынастың нығаюына үлес қосу мәселелері қозғалды.

Ашық сұқбат кезінде оқушылар белсенділік танытып, ойларын бүкпесіз айта білді. Ата-анамен бүгінгі күні туындап жатқан проблемалардың сырын түсініп, жақын жандарды кешірудің маңызын білді. Балалар өз түсінігіндегі ана бейнесін, әке бейнесін және қыз бала бейнесін суреттеп, отбасылық тәрбиенің маңызы туралы ойларын ортаға салды.

Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Ата-аналардың жастығы мен бала тәрбиесіндегі тәжірибенің жоқтығы, тәрбие жұмысында тек қана өз ойлары мен көзқарасына ғана жүгінуі, қажетті педагогикалық білімнің жетіспеушілігі салдарынан қиындықтар туындап жатады. Сондықтан, ата-аналардың бала тәрбиесіне белсене араласуы көптеген сұрақтардың ауыртпалықсыз шешілуіне жол ашады.

Осындай маңызды мәселені қозғап, жас ұрпақ жүрегіне отбасылық құндылықтарды ұялату мақсатында ұйымдастырылған шараның маңызы зор болды.

Айнаш БЕГІМ.

Комментарии закрыты.