Партиялық жоба жұмысын бастады

Өткен аптада Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов өндірісшілерді жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Жезқазған сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнының бастауыш партия ұйымындағы қоғамдық қабылдау бөліміне атбасын тіреген Бауыржан Қабденұлы «Халыққа көмек» жобасы аясында шұғыл мәселелерді шешуге тырысты.

– «Халыққа көмек» партиялық жобасының мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешу. Жоба Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып отыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде халықтың басындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігін айтып, «Халыққа көмек» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы – халықтың мүддесін қорғайтын және Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізетін басты институт. «Халыққа көмек» жобасын жемісті жүзеге асыру үшін барлық бастауыш партия ұйымдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің әлеуетін толық пайдаланамыз. Өйткені, біздің басты міндетіміз – халықтың мәселесін тиімді шешу, – деп атап өтті Б.Шыңғысов.

Қабылдауға жалпы 8 адам жазылып, өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауаптар алды. Келіп түскен өтініштердің көбісі қоғамдық маңызы бар мәселелер. Олардың басым бөлігі баспана мәселесіне қатысты болса, қалғаны әлеуметтік көмек көрсету мен өзге де мәселелер төңірегіндегі сауалдар. Қабылдауға келген барлық азаматтардың сұрақтары бойынша халық қалаулысы әрбір азаматтың өтініш негізге ала отырып, өзі бақылауға алатынын жеткізді.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.